Орынды көтерілген мәселе

Қазақстан халқы Ассамблеясының президенттік сайлау өткізу туралы бастамасын Сәтбаев қаласының зиялы қауым өкілдері де қызу қолдап, толықтай  құптайды. Осыған орай бастаманы орынды деп тапқандары   редакциямызға өздерінің пікірлері мен ұсыныстарын да жолдауда.

Жаңбырбай Дәрібаев, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– 14 ақпанда Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі 2015 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу туралы бастама көтерді. «Нұр Отан» партиясы елдегі жетекші саяси күш ретінде аталған бастаманы толықтай қолдайды. Бүгінде әлемде қаржы-экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны таралып, күрделі геосаяси қысымның салдарынан жағдай шиеленісе түсуде. Дәл осы кезеңде тіпті әлемнің ең дамыған елдердің өзінде де ксенофобия, діни төзімсіздік өршіп, радикалдық қозғалыстар күш алуға айналды. Елбасы «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінде сөйлеген сөзінде: «Таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен ойдағыдай өте алмайды. Бұдан тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады», деп ашық айтып көрсетті. Қазақстан жаһандық дүниенің бір бөлшегі болғандықтан, сыртқы теріс ықпалдардан тыс қала алмайды. Сондықтан Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасын ұсынды, экономика өсімін қамтамасыз етудің барлық шаралары қабылданды. «Нұрлы жол» бағдарламасы – бұл тек нақты, жете есептелген іс-қимыл жоспары ғана емес, бұл – келешектің инфрақұрылымына салынған аса ауқымды инвестиция, бұл — жұмыс орындары, қарапайым қазақстандықтардың жайлы тұрмысын сақтап қалу, олардың кемел келешекке деген сенімі. Бүгінгі таңда бірлік пен келісімді, тұрақтылықты нығайтудың, қоғам мен мемлекеттің, еліміздің барша азаматтарының күш-жігерін жұмылдырудың маңызы орасан. Осыған байланысты, Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысын қолдай отыра, президенттік сайлау өткізу бастамасын халық мүддесіне сай келетін ең дұрыс шешім деп санаймын.

 

Татьяна Хмилярчук, қалалық мәслихаттың хатшысы:

– Қазақстан халқы Ассамблеясы президент сайлауын өткізу туралы бастама көтере отырып бірінші кезекте халықтың мүддесін ескерді. Ел ішінің тұрақтылығын мақсат етті. Сондықтан бұл шешімді жан-жақты ойластырылған, әрі нақты шешім деп айта аламыз.

Әлем елдері секілді біздің ел де сын-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан бұл шешім сол сын-қатерге қарсы заманауи, лайықты қалқан боларына сенімдімін.

Тың ұсынысқа түрткі болған тағы бір себеп бар. Ол 2016 жылы екі саяси кампанияның – президенттік сайлау мен парламенттік сайлаудың қатар келуі. Сондықтан, президент сайлауын биыл өткізу – әуелі сол электоралды кезеңдегі қарбаласты сейілту қаракеті. Мақсат – уақытты үнемдеу.

Қалай дегенде де, қазіргі міндет мемлекетіміздің бірқалыптылығын, тыныш-тығын қамтамасыз ете отырып, халықтың тұрмысын әлсіретпей, әлеуметтік жағдайын төмендетпей, алдағы уақытта да өз дәрежемізде бәсекеге лайықты мемлекет болып, дүниежүзілік қоғамдастықта өте озық рөл атқару. Осы орайда барша жерлестерімді бастаманы қолдай отырып, алдағы саяси науқанға біркісідей қатысуға шақырамын.

 

Майра Жаппасбаева, қалалық «Шарайна» газетінің бас редакторы, «Нұр Отан» партиясының мүшесі:

– Қазақстан халқы Ассамблеясының үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу туралы бастамасы дер уақытында көтерілген дұрыс шешім. Әлемдік қаржы дағдарысы мен геосаяси ахуалдың шытынап тұрған шағында елді бір арнаға тоғыстырып, үлкен іске жұмылдыру, әрине, орынды. Мұндай қадамның қазірдің өзінде-ақ Парламентті, Үкіметті, орталық және жергілікті басқару органдарын тас-түйін жұмылдырып, халықтың өміршең энергиясын басты мақсат – Отанымыз Қазақстан Республикасының гүлденуі мен өркендеуіне бағыттауға жол ашады.

Біздің халқымыз ел тарихының ең бір шешуші сәттерінде болашақ ұрпақ қамы үшін даналық таныта отырып, Ұлт Көшбасшысының төңірегіне топтасу мен бірігудің аса биік деңгейін бұған дейін де бірнеше рет көрсете алды. Бұл жолы да сол үрдістен көрінеріне сенімім зор. Осы орайлы сәтті пайдалана отырып, мен де жерлестерімді, барша ел азаматтарын, барлық қоғамдық күштерді Президент сайлауын өткізу бастамасын қолдауға шақырамын. Бұл – біздің ұзақмерзімді «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Мәңгілік Ел» идеясының жүзеге асырылуын қамтамасыз ете отырып, бұдан да қуатты бола түсуіміздің тарихи мүмкіндігі деп ұғынған абзал.

Комментарии закрыты.