Ерліктері ұрпаққа ұран болған

20150221-03-11979 жылдың 12 желтоқсанында Кеңес Одағының көсемдері Ауған жеріне әскери күшті енгізу жөнінде шешім қабылдады. Сөйтіп, аз, бірақ айбарлы топ «Совет жауынгерлері интернационалистік борышын өтейді…» деп өңі айналдырылған ұранымен Ауған жеріне енгізілді. Он жылға созылған соғысқа түкпір-түкпірден 22 мың адам қатысып, ұрыс даласында 761-і қаза тауып, 21-і хабар-ошарсыз кетті. 1989 жылдың 15 ақпанында КСРО-ның соңғы әскери құрамалары елге оралды. Содан бері зымырап 26 жыл өте шығыпты.

Сәтбаев қаласындағы Ш.Ділдебаев атындағы кеншілер сарайында жылдағы дәстүр бойынша интернационалист жауынгерлерге арналған «Ауғанда шыңдалған сарбаздар» атты салтанатты жиын өткізілді. «Қанатты ұлан» қоғамдық бірлестігі тәрбиеленушілері Ауғанстанда соғысқан «Шекара» ротасы, «Мұсылман» ботальоны, «40 әскер», «Танк», «Десант», «Байланыс» роталары, «Насостық бекет» гарнизоны әскери құрамаларының атауларын енгізіп, ҚР әнұраны ойналғаннан кейін, бірінші сөз кезегі қала әкімі Әнуар Омарға берілді.

– Тарихымызда қанды ізі бар оқиғаны еске түсіру арқылы бейбіт өмірдің қадірін біле түсеміз. Ауған соғысы уақыт өткен сайын әртүрлі бағалануда. Бірақ, біз үшін бұл соғыс аса қымбатқа түсті. Қылшылдаған жастардың өмірі қиылды. Олар Отан алдындағы борышын өтеу үшін Ауған жерінде кеудесін оққа тосты. Осы оқиғаны жыл сайын еске түсірудің ешқандай мақтанышы жоқ. Мақсатымыз – тарихын, тағдырын, қатпар-қатпар сырларын жастарға жеткізу, санасына сіңіру. Оның құндылығы осында, – деген қала басшысы Мұратбек Мұрзатов, Жұмакелді Мақашев, Ертай Жанкелдиев, Юрий Куринец, Салават Лукманов секілді ауғандық ардагерлерді Құрмет грамотасымен марапаттады.

Мұнан соң «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Қарағанды филиалы Ауған жерінде қаза болған Олег Морозов, Манарбек Сансызбаев, Ғибадат Құттыбаев, Асылжан Мамажанов секілді сарбаздардың туған-туыстарына сыйақы табыстады. Туған жерге оралмаған және бейбіт өмірде көз жұмған жауынгерлердің рухына тағзым етіліп, бір минут үнсіздік жарияланды.

Жиын соңы жауынгерлік әндер фестивалімен жалғасын тапты.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.