Ауған естелігі

20150221-03-2Сәтбаев қаласының Балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өткен «Ауғанстан естелігі» шарасының басты қонағы ауғандық ардагер Амантай Шахтаев болды. Мектеп оқушылары қатысқан дөңгелек үстелде Аманкелді Жантасовтың «Қара мойор отряды» кітабы желісінде түсірілген деректі фильм тамашаланды.

Сәтбаев қаласының тұрғыны Амантай Шахтаев әскер қатарына 1983 жылдың 11 қарашасында аттанады. Алматы облысына қарасты Отар қаласындағы «Гвардиялық» қалашықта әскери дайындықтан өтіп, ұрыс қимылдарына жаттығады. Ауғанстандағы Жалалабад қаласының әуежайында әуе жолдарын, Ауған-Иран шекарасында әскери техникалық коллонналарды күзету ботальонында Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, 1985 жылдың сәуір айында елге оралады. Бүгінде туған жерінде еңбек көрігін қыздырып жүрген ауғандық ардагер сұм соғыстың көпшілік біле бермейтін қырлары жайында сыр шертті.

Ауған жеріне Кеңестер Одағының жауынгерлерін енгізу Герат қаласында тұтанған лаңкестік әркеттерден кейін күн тәртібіне қойылған болатын. Ауғанстан басшылығы оны басу және жағдайды тұрақтандыру үшін әскери көмек сұрады. Кеңестік жауынгерлердің басты мақсаты – жергілікті халықты дұшмандардан қорғау, жанар-жағар май мен тұрмысқа қажетті заттардың сатылымын тоқтатпау болды. 1979 жылдың 15 желтоқсанында кеңес әскерлері Ауғанстан жеріне енгізіліп, Кушка арқылы Герат пен Кандагар, Кабул қалаларына өтті. Осы жылдың 26 желтоқсанында «Зенит» және «Гром» арнайы жасақтары Кабулдағы президент сарайын дұшмандардан босатты. «Шторм» операциясы 20 минутқа созылып, бұл күні Кабулдағы 17 нысан лаңкестерден тазартылды. Келесі күні-ақ Кабулға кеңес әскерлері лек-легімен келе басталды. Міне, 10 жылға созылған қанды қырғын осылай басталды.

Майдан даласында көз жұмған сарбаздар бір минут үнсіздікпен еске алынғаннан кейін мектеп оқушылары ауғандық ардагер Амантай Шахтаевқа сұрақтар қойып, ойларын ортаға салды.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.