Беймәлім соғыстың жауынгерлеріне құрмет

20150221-03-3Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 26 жыл. Жалындап тұрған жас өмірін беймәлім соғыста өткерген бірнеше ұлттың ішінде қазақ жастарының да қатары аз болмады. Ауғанстанның таулы аймақтары Кабул, Баграм, Кандагарда қаншама ұлан жер жастанса, көбі елге дене жарақатымен және психологиялық тұрғыдан мүгедек болып оралды.

Бүгінде шаһарымызда Ауған даласында жүріп, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен 75 жауынгер-интернациолист бар.

Атаулы күнге орай осы жауынгерлермен білім ошақтары мен кітапханаларда кездесулер өткізіліп, олардың ерліктері жас буынға дәріптелді. Сондай жүздесуді Баубек Бұлқышев атындағы орталық кітапхананың ұжымы ұйымдастырды.

Жас буынмен жүздесуге келген Ауған соғысының ардагері, байырғы кенші Қанат Ысқақов, сол сұрықсыз жылдардағы естеліктерден сыр шерте келе, жастарды елдің ұлтжанды азаматы болып, патриоттық рухты жоғары ұстауға шақырды.

– Ауған шекарасына аяқ басқанда небары 19 жаста едім. Туған жерден біз әуелі 1986 жылы Түркменияның Теджен қаласына бардық. Сол жерде әскери дайындықтан өтіп, 1987 жылы Кабулға аттандық. Оқ пен оттың арасында жүріп, екі жылдан соң елге қайттық. Елге келген соң шахталарда еңбек еттім. Өрімдей-өрімдей жастардың тағдырына сызат түсірген мұндай нәубетті жас буын көрмей өссін, – деді жауынгер.

Кездесу барысында №7 және №19 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептердің оқушылары өлеңдер оқып, Қанат ағаларына сұрақтарын қойды.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.