Тағдыры қиын қазақ

20150221-01-1Бірінші беттің бүгінгі кейіпкері, Ұлы Отан соғысының ардагері, өмірінің соңына дейін ел игілігі үшін тер төккен марқұм Кәрім Досановтың тағдыры қиын да қызық. Кешегі отты жылдарда ол нағыз тозақтың отын көрді. Майданда хабарсыз кеткенде мұндағы ел ішінде «Кәрімді фашистер тірідей өртеп жіберіпті», «Жоқ, өртемепті, бункерде, газ жіберіп, тұншықтырып өлтіріпті» деген әңгімелер қауға от тигендей лаулады. Осы бір қаралы хабарды растағандай майданнан қара қағаз да келді. Анасы Әлима мен  жары Тұрсын қара жамылып, жетісін беріп, қырқын өткізді. Осылай жүргенде оның тірі екені, фашистердің қолына түсіп қалғандығы жайлы  хабар жетті. Ел не сенерін, не сенбесін білмей дал болды…

Кәрім Досановтың тағдыры қилы-қилы, жүріп өткен жолдарының даңғылынан соқпағы көп болды. 1916 жылы шыр етіп дүние есігін ашқан Кәрім жастайынан жетімдіктің тауқыметін көрді. Жеті жасында әкесі Жанділда қайтыс болып, анасы Әлиманың тәрбиесінде қалды.

1937 жылы жұмысшы-шаруа Қызыл Армиясының қатарына алынып, Қиыр Шығыста әскери борышын өтеп жүріп, 1938 жылы Хасан көлінде Жапондармен болған соғысқа қатысты. 1939 жылы Шығыстан Батысқа келіп, Киев әскери округінің құрамында Бессарабияны азат ету майданына кірді.

Әскер қатарында жүріп кіші командирлер даярлайтын арнайы курсты бітірген ол 1941 жылы Қазақ ССР Ішкі істер Халық комиссариятының Алматыдағы аймақтық мектебіне үкімет жолдамасымен барып, оны мемлекеттік қауіпсіздік органының сержанты шенінде бітіріп шықты.

Ұлы Отан соғысы басталғанда Кәрім Досанов Орал әскери округіндегі Ішкі істер Халық комисариятының ерекше бөлімінде, одан соң Қорғаныс Халық комиссариятының 985-ші атқыштар полкінің «Смерш» бөлімінде шұғыл әрекет етудің аға уәкілі әскери қызметін атқарды. Осы құрамда жүріп Кәрім Курск доғасындағы, Горшечный, Канатоп, Глухов, Киев қалаларын азат ету жолындағы ұрыстарға қатысқан. 1943 жылы жауынгерлік Қызыл Ту орденімен, ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. Сол жылы контрразведканың аға лейтенанты шенін алды.

Бұл айтуға ғана оңай болғанымен, осы жылдар мен жолдардың астарында үлкен тарих жатыр. Көзі тірісінде Кәрім ақсақал сол бір азапты да қатерлі жылдар жайлы өзінің естелігінде рет-ретімен жазып кеткен екен. Соның бірі былайша сыр шертеді.

…1943 жылы Украинаның Коростень қаласын азат ету үшін болған ұрыста 985-ші атқыштар полкінің Кәрім Досанов қызмет ететін 226-шы атқыштар дивизиясы фашистердің үлкен қарсылығына тап болады. Шиеленіскен ұрыста жеңіс екі жаққа алма-кезек ауып тұрады. Ақыры жау күші басымдық танытып, Кәрімдердің тобы қоршауда қалады. Әр үйді, әр бұрышты тасалаған топ шегініп отырып жер асты жолына тығылады. Осы жерде кеңес жауынгерлері екі апта бойы бой бермей арпалысады. Ақыры оқ-дәрі, ас-ауқат таусылып, әлсіреген кезде фашистер туннелге газ жібереді. Онсыз да қалжыраған жауынгерлер ес-түссіз жатып, жау тұтқыны болады. Осы топтың ішінде аға лейтенант Кәрім Досанов пен капитан Александр Корниенко да бар еді.

Фашистер тұтқындарды азаптап, қиын жұмыстарға салады. Талай азаматтарды қаруластарының алдында пешке тірідей тастап өртейді. Мұның бәрі жауынгерлердің рухын басып, үрей тудыру үшін істелген әрекет еді. Соған қарамастан тұтқындар арасындағы офицерлер астыртын жұмыс істеп, тұтқыннан қашу әрекеттерін ойластырады, түрлі жоспарлар жасайды.

Әлде неден секем алған фашистер осы қалай деген тұтқындарды басқа жақтарға ауыр жұмыстарға ауыстырып, сезіктілерді атып тастап жатады. Сондай бір «іріктеу» кезінде Кәрім де қара тізімге ілігеді. Жендеттер блоктан алып кеткелі жатқанда Кәрім қойнында тығып жүрген жауынгерлік Қызыл Ту Орденін жанында тұрған Александр Корниенкоға бере қояды. «Егер, мүмкіндігің келсе сақта» деп сыбырлап үлгереді.

Қарулас досы бұл аманатты орындай білді. Орден араға жылдар салып иесін тапты. Тұтқыннан босанып, елге келген соң да жазасын өтеген Александр Корниенко өзі тұратын Тәшкенттегі әскери комиссариатқа әкеліп орденді табыс етеді. Сол арқылы орден өз иесіне жетті.

1945 жылдың сәуірінде Кәрім бастаған бір топ тұтқындар концлагерьден қашып шығады. Жаудың демі таусыла бастаған шағы еді бұл. Сондықтан да болар, қашқындарды олар аса ден қойып қумайды.

Кеңес әскеріне келіп қосылған тұтқындарды сол кезеңдегі заң бойынша айыптылар лагеріне әкеліп қамайды. Осы жерде Кәрім Досанов бір жыл не бір азап пен қиындықты көреді. Бір ғажабы Кәкең сол бір ауыр жылдар жайлы тіс жарып айтқан емес. Бар болғаны «Екі жақтың да түрмесін көрдім, өзім жанымдай сүйетін отандастарымнан көрген қиянатым өзіммен бірге көрге кетер» деп қана жазыпты естелігінде қария…

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.