Мектеп – білім тірегі, Ұстаз – оның жүрегі

20150227-06-01«Весовая» елді мекеніндегі №10 білім ордасының ашылғанына биыл – 60 жыл. Осы жылдар аралығында мектепті Шабал Бейсенбекова, Күлән Бөлтірікова, Берік Ақышбеков сынды тәжірибелі педагогтар басқарды. Ұстаздардың біліктілігін арттыруына, шығармашылықпен жұмыс істеуіне, озат тәжірибе жинақтауына жете көңіл бөлген ҚР Білім беру ісінің үздігі Сапарғали Баймағанбетов аталмыш білім ордасында 1992 жылдан бері басшылық жасауда. Мектепте жас мамандарға кәсіби қолдау көрсетіліп, ұжымда шығармашылық ахуал қалыптасқан. Мұғалімдердің дені көп жылғы тәжiрибесi бар бiлiктi мамандар. Олардың iзiн алып келе жатқан жастар да еңбексүйгiштiгiмен көзге түсуде.

– Тәуелсіз ел атанып, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымыз танылған кезеңде жас ұрпақ тәрбиесіне мықты көңіл бөлінуі қажет. Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Ұжымымызда 24 мұғалім жас ұрпақтың сапалы бiлiм, тәлiмдi тәрбие алуы жолында аянбай еңбек етуде. Олардың 19-ы – жоғары, 4-і арнаулы орта білімді. 150 балаға 2 – жоғарғы, 7 бірінші санатты ұстаздар сабақ береді. Оқытудың жаңа технологиясын жүйелі пайдаланып, сапалы білім беруге және мұғалімнің кәсіби шеберлігін жетілдіруге айрықша ден қойылып, салауатты өмір салтын қалыптастыру негізгі ұстанымға айналған. Осы бағытта жетістіктерге жетіп жүрген оқушыларымыз аз емес. Мәселен, Әділет Тұрсын, Сұңғат Сейітов, Досбол Құрманғали байрақты бәсекелерде абыройымызды асқақтатуда. Сонымен қатар, «Жасұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы, «Ертегі» мектепалды даярлық орталығы, «Зерде» ғылыми қоғамы нәтижелі жұмыс істейді, – дейді мектеп басшысы.

Мектеп өмірімен біте қайнасып, білім беру саласында ұзақ жылдар бойы тер төккен ұстаздар жетерлік. Туғанбек Сембеков, Төлеу Құдабаева, Бектай Белгібаева, Бибайша Қайсарина, Гүлназым Маймышева, Әнуза Құдабаева, Айнагүл Шахманованың білім беру ісіндегі еңбегі орасан зор. Мектеп директорының айтуынша, осы жылдар аралығында кәсіби мамандар шоғыры қалыптасқан. Ж.Қараевтың «Үш өлшемді оқыту әдістемесі» технологиясы бойынша математика пәнінің мұғалімі Қанат Сұлтанов, химия пәнінің мұғалімі Меруерт Жақсыбаева, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақбота Тұрабекова, Занковтың «Дамыта оқыту» технологиясы бойынша музыка пәнінің мұғалімі Гүлназым Маймышева, «Кейс» технологиясымен тарих мұғалімі Гүлнар Жұмаділдаева, «Сыни тұрғыдан ойлау» технологиясы арқылы орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әнуза Құдабаева айтарлықтай жетістіктерге жетуде. Директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Меруерт Жақсыбаева ҚР педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары аясында екінші деңгей бағдарламасы бойынша оқыту курсын аяқтаса, білім саласындағы қалтқысыз қызметі үшін орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әнуза Құдабаева «Ұлағатты ұстаз», мектеп басшысы Сапарғали Баймағанбетов «Стратег ұстаз» номинацияларын иеленді.

Балалардың дұрыс бағытта қалыптасуында ата-аналармен қатар, мұғалімнің де еңбегі зор. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңірушілер баршылық. Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деген мамандардың жөні де, жолы да бөлек. Олардың қатарында білім ошағының бәйтерегі іспеттес Үміткер Қалағанова, Балқия Айжанова, Гүлнар Боранбаева, Жұлдызай Қаленова, мектеп психологы Сәндігүл Көшкінбаева бар. Сонымен қатар, жақсы қасиеттерді дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруге белсенді атсалысқан жас мамандардың бір тобын атап өтпеуге болмас. Айман Төлегенова, Ақбота Тұрабекова, Абзал Жакеев, Раушан Әкімжанова, Алма Мұсылманбекова, Ақмарал Асанова аға буын жолын абыроймен жалғастырып, мектеп айнасына айналған.

Педагогтар ұжымы балалардың интеллектуалдық қабілеті мен өнерін дамытуды басты назарда ұстайды. Білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми негізде ұйымдастырылып, пәндер бойынша оқытудың тиімді әдістері таңдап алынған. Оқу тәрбие жұмыстарының ауқымын кеңейту, білім деңгейін көтеру мақсатындағы бірнеше үйірме жұмысы жолға қойылған. Солардың бірі – «Дебат». Нәтижеге бағытталған білім беріп, өздігінен шешім қабылдап, ой-пікірін жүйелі түрде жеткізе алатын бәсекеге қабілетті тұлға дайындауды басшылыққа алған білім ордасы оқушылары байқаулар мен пән олимпиадаларында жетістіктерге жетуде. Биылғы оқу жылында республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде Әлия Қожан химия пәні бойынша, бастауыш сыныптар арасында Әділхан Дәрімбет екінші орындарды жеңіп алды. Математикадан Аэлун Искакова екінші, химиядан Айнұр Ордабаева үшінші орындарға лайық деп табылса, «Сөзмерген» сайысында «Болашақ» командасы жүлделі орынды еншіледі. Жас зерттеушілердің ғылыми-тәжірибелік конференциясы шеңберіндегі бастауыш сынып оқушыларының оқу-зерттеу жұмыстарының облыстық фестивалінде «Қына» тақырыбындағы зерттеу жұмысы үшін Мәдихан Найманбаев, «Теректі әулиесі – тас дәуірінің жәдігері» баяндамасы үшін Гүлім Аймағанбетова, «Ғылымдағы сабақтастық және жас буын» жастар конференциясында Әсем Ахметова арнайы дипломға ие болды. Балалар мен жасөспірімдер ұйымы жетекшілері арасындағы «Екі жұлдыз» сайысында Мира Ахметова үшінші орынға қол жеткізсе, «Халық әні – қазынамсың» байқауында Айдана Әлиақпарова жүлдегер атанды.

Білім ордасының материалдық-техникалық базасының нығаюы мен жабдықталуына ерекше көңіл бөлінген. 12 оқу кабинеті, соның ішінде ағылшын, орыс тілдерін оқытатын лингафондық, мультимедиялық, технологиялық кабинеттер, спорт залы, медициналық бөлме, кітапхана, асхана бар. Мультимедиялық кабинетке интербелсенді тақта орнатылып, дидактикалық материалдармен, электронды оқулық, қосымша, оқу-әдістемелік кешендермен, қажетті жиһаздармен жабдықталып, безендірілген.

Білім ошағындағы тәрбие жұмысы 12 бағытта жүргізіледі. Әлемдік ғылым мен прогресс деңгейіне сәйкес білім мен тәрбие беру, рухани байлық пен мәдениет деңгейін, ойлай білу мүмкіндігін жетілдіре отырып, жан-жақты жеке тұлға қалыптастыруға жағдай жасау тәрбие жұмысындағы басты бағыттар. Осы ретте ата-аналармен жылы қарым-қатынас, тұрақты байланыс орнатылып, бірлескен жұмыстар жүргізіледі.

– Бала тәрбиесі барлығымызға ортақ. Жас ұрпақ бойына жақсы қасиет, адамдық құндылықтарды сіңіріп, талантты етіп жетілдіру – ата-аналар мен мектеп ұжымының басты міндеті. Барлық ата-ана мектептің ішкі өміріне белсене атсалысады. Арадағы сыпайы сыйластық үндесіп, бала тәрбиесіне үлкен әсерін тигізуде. Осы орайда ұлттық салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрыптарымызды насихаттап, дәріптейтін іс-шаралар, ашық сабақтар, тәжірибе алмасу бағытындағы шығармашылық күндерді жиі ұйымдастыруға барынша күш салынады, – дейді мектеп директоры Сапарғали Мұханбетқалиұлы.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз. Қалай десек те, алпыс жылдық тарихы бар бұл мектептің өз дәстүрі қалыптасқан. Тұрақтылық пен түсіністік орнаған жерде еңбек өнімділігінің артатыны – дәлелдеуді қажет етпейтіні ақиқат. Олай болса, алпыс жылдық белесін айтулы жетістіктерімен қарсы алғалы отырған мектептің мерейі келешекте де арта түскей!

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.