Абыройын аймақтың асқақтатқан

20150227-04-01Өткен жылы құрылғанына 60 жыл толған Жезқазған кен байыту фабрикасының мерейтойына арналған салтанатты кеш шымылдығы өткен жұмада С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық драма театрында айқара ашылып, айрықша мерекеленді. Бұл тойдың өзге тойлардан өзгешелігі сол, ел игілігінің еселенуіне ұзақ жылдар бойы үлесін қосқан еңбек адамдары – байытушылар құрмет пен сыйға бөленді.

Соғыстан кейінгі жылдары Жезқазғанда кен өндірісі көлемінің ұлғаюына байланысты байыту фабрикасының қажеттілігі туындады. Осыған орай аймағымызды Қазақстандағы түсті металлургияның шикізат базасына айналдыру туралы шешім қабылданды. Бүгінгі күні ТМД елдері арасында ең ірі өндіріс ошағы саналатын кәсіпорындардың біріншісі 1954 жылы салынса, екіншісі 1963 жылы пайдалануға берілді. Қазір онда 2400 жұмысшы жыл сайын 20 миллион тоннадан астам кен өңдеп, сапалы еңбегінің арқасында толайым табыстарға жетуде. Заманауи технологиялармен жабдықталып, кен байытудың жаңа жүйесі мен жаңа реагенттердің енгізілуі нәтижесінде мыс құрамының жоғарғы сапаға жеткізілуі Лондон сапа биржасында тіркелуге мүмкіндік берді. Осылайша, Жезқазған кен байыту фабрикасы Қазақстанның әлемге танылуына өлшеусіз үлес қосты.

«Кеншілер сазы» ұлт аспаптық ансамблінің шашуымен бастау алған мерейлі тойда алғашқы сөз кезегін алған «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС бас директорының міндетін атқарушы, өндіріс жөніндегі директор Талғат Мағзұмов жоғарғы еңбек өнімділігі мен өндірісті дамытуға қосқан теңдессіз үлесі үшін №2 бас корпус механигі Нұрмұханбет Мұсылманбеков, №1 ұнтақтау корпусының газбен, электрмен дәнекерлеушісі Борис Молчанов, қалдық шаруашылығының техникалық жетекшісі Қалдаш Бозшолаққа Құрмет грамотасы мен ақшалай сыйақы табыс етті. Мұнан соң Жезқазған қаласы әкімінің Құрмет грамотасын қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, жастар үлгі-өнеге алар құрметті мамандық иелеріне айналған слесарьлар Александр Дудников пен Валентин Раковский, ұнтақтау корпусының машинисі Балжан Табынбаева еншіледі. Еңбек ұжымының қарым-қабілеті мен білімі, біліктілігі мен іскерлігі кәсіпорынмен бірге жыл өткен сайын арта түскені анық. Қалыпты жұмыс ырғағының үзілмеуіне бар күш-жігерін салған азаматтарды «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің бас директоры Амангелді Минеғұлов атап өтті. Олардың қатарындағы Медет Омаров, Еркебұлан Құтыбаров, Арипа Үсіпова, Владимир Широков, Ғаби Қалмұрзин, Дана Шакенова, Бекжан Құлмаханов, Ақмарал Абдулова лайықты мадақтау мен марапатқа ие болды. Мерейлі тойдың салтанатты сәті де келіп жетіп, «Нива» жеңіл автокөлігін байырғы байытушылар, №1 бас корпусының механигі Серік Бәйтенов пен №2 бас корпусының слесарь жөндеушісі Нұртай Ғабдуалиев тізгіндеді.

Байыту фабрикасының даңқын арттыру жолында мыңдаған өндіріс озаттары мен өз ісінің үздіктері тер төкті. Олар кезінде Одақ көлемінде марапатталып, аймағымыздың абыройын асыра түсті. Ленин, Қызыл Ту орденінің иегерлері Людмила Попкова, Сейдіғали Сансызбаев, Венедикт Ушаков, Карл Классен секілді еңбек ерендерінің ізін басқан майталман мамандар Иван Рыбак, Сергей Классен, Илья Потапов, Виталий Лаубганды «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС кен байыту өндірістік кешенінің директоры Ардагер Әрінов құттықтап, №1 ұнтақтау корпусының слесарь жөндеушісі Кеңесбек Күсенов пен №2 ұнтақтау корпусының машинисі Өмірзақ Жұмановқа «Нива» жеңіл автокөлігінің кілтін тапсырды.

Салтанатты кеште байытушыларға «КәсіпҚазақмыс» салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Төреқожа Тлемісов ізгі лебізін жолдап, еңбектегі толайым табыстары мен жетістіктері үшін №2 бас корпусының газбен, электрмен дәнекерлеушісі Сергей Русиннің кеудесіне «Еңбек ардагері» төсбелгісін қадады. Бұл күні «КәсіпҚазақмыс» кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасы мен арнайы сыйақысына техникалық электр жабдықтары учаскесінің бастығы Нармағанбет Ауытов, жабдықтарды жөндеу шебері Бөлеген Дүйсенбеков, инженер Мағира Байышева, байыту фабрикасындағы кәсіподақ төрайымы Майра Әлбаттина мен оның орынбасары Зере Классен ие болды.

Атаулы күннің құрметіне орай сахна төріне байыту фабрикасының жас мамандары шақырылып, орамды ойларын жеткізді. Салтанатты жиын жастардың:

– Фабрика екінші үйіміз тәрізді. Біз ондағы аға буын байытушыларға дән ризамыз. Қиналғанда жанымыздан табылып, қолдау танытқан майталман мамандар артқан сенім жүгін абыроймен арқалап жүруге әзірміз. Білімді де білікті маман иесі атану жолында бар күш-жігерімізді арнаймыз. Еліміздің бағын асырып, мерейін тасытқан еңбектеріңіз жана бергей! – деген жүрекжарды тілектерімен аяқталды.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.