Мол мүмкіндіктер жастар үшін

20150227-04-02Қаламыздағы жастар ақпараттық-насихат тобы мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды түсіндіру мақсатында спортшы жастар мен түрлі мекеме өкілдері арасында кездесу ұйымдастырды. Көшелі шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық-мәдени деңгейін арттыру, кәсіби-заңды тұрғыда көмек беру.

Мемлекеттік бағдарламалар жастардың тұрақты жұмыспен, баспанамен нәтижелі қамтылуын қамтамасыз етуді көздейді. Осы ретте Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Сәтбаев қаласы бойынша аймақтық менеджері Қарлыға Садуова «Тұрғын үй-2020» бағдарламасы туралы кеңес берді.

– Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің негізгі мақсаты – жеңіл пайызбен несие беру. Бұл жерде несие берудің үш түрі қарастырылған. Шыдамдылық танытып, үш жыл бойы қор жинағандарға ең төменгі пайызбен үй сатып алуға, жекеменшік жер теліміне үй салуға, жөндеу жұмыстарына несие беріледі. Көздегеніміз – жастарды кейін сатып алуға болатын жалдамалы және жалпы отбасыларға арналған пәтермен қамтамасыз ету. Егер үй алуды қажет деп таппасаңыздар жиналған ақша өздеріңізге қайтарылады, – деді Қарлыға Садуова.

Биылғы наурыз айында Жезқазған аймағы бойынша 50 отбасыға пәтер кілті тапсырылмақ. Сәтбаев қаласында «Нұрлы жол» бағыты бойынша жұмыс жанданып, жаңа үйлер салына бастады. Аталмыш банктің «Бастау» бағдарламасы бойынша 3 ай, «Өркен» бағдарламасы бойынша 5, «Кемел» жобасы бойынша 8, балалы отбасылар үшін 15 жылға дейін ақша жинауға болады. Егер қолыңызда пәтер құнының 50 пайызы болса, несиені 5 пайызбен алу мүмкіндігі бар. Несие мерзімі ұзарған сайын пайызы азаймақ. Оған қоса жылдағы берілетін мемлекеттің сыйақысы мен банктің беретін 2 пайыз көмегін қосыңыз.

– Осы айда жылына бір рет бірнеше депозит ашқан отбасылар үшін екінші шарты екі есе арзандатылған акция жүріп жатыр. Маусым айында балаларға арналған «Бірге өсеміз» акциясы өткізілмек. Сәтбаев қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығындағы 502-ші кабинетте мамандардан тегін кеңес алуларыңызға болады. Несие арқылы үй аламын деушілерге көмектесуге әзірміз. Аталмыш несиелер 18-65 жас аралығындағыларға беріледі. Балалары кепіл бола алса зейнеткерлерге жол ашық, – деп атап айтты жастарды толғандырған сауалдарға жауап берген банк өкілі.

Мұнан соң сөз алған «Даму» қоры жанындағы кәсіпкерлікке қолдау көрсету орталығының кеңесшісі Әнуар Махмұд 27 шағын қалада ашылған орталық қызметімен таныстырды. «Даму» қоры қаржылық және қаржылық емес бағыттарда жұмыс істейді. Өз ісін бастап, жетілдіріп, бизнес-білім алғысы келетін жастарға жол ашық. Екі күндік оқытулардан кейін арнайы сертификат беріледі. Бұл сертификаттың тиімділігі жарамдылық мерзімінің шексіздігі мен барлық мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алатындығында.

– Өз ісін бастағысы келетін жастарға 20 миллион теңге 7 пайыздық жеңілдетілген несие беріледі. Негізі 14 пайызбен берілгенімен 7 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды. Яғни, пайыздық мөлшерлемесі төмендетіледі. Бұл жерде жеке кәсіпкер ұтпаса ұтылмайды. Екінші бағыты – несиені кепілдеу. Яғни, несиенің 30 пайызын ғана төлеп, 70 пайызына «Даму» қорының кепіл болуы арқылы қажетті сомаға ие болу. 29 жасқа дейінгі жастарға арналған «Жас кәсіпкер» бағдарламасында кепілдіксіз 14 пайызбен несие алсаңыз, 70 пайызына «Даму» қоры кепіл бола алады, – деді Әнуар Махмұд.

Үш миллион теңгеге дейін қайтарымсыз негіздегі гранттар берудегі басты мақсат жаңа идеяларға жол ашу. Биыл өз жобасын ұсына отырып, аталмыш грантқа бөлінген 13 миллионның 3 миллионын 5 жоба ұтып алған. Оның өзіндік талаптары бар. Бағдарламаға қатысу үшін үш миллион теңгенің 20 пайызын жеке кәсіпкер ретінде төлеп, 80 пайызын ұтып аласың.

– Қазір Қазақстанда жасалған өнімдерге баса назар аударылуда. Күнкөрісі өндіріске ғана қарап қалған шағын қала шеңберінен шығуымыз керек. Жеке кәсіппен айналысу арқылы жұмыссыздар санын азайтып, жеңілдетілген салық төлеп, экологиялық таза өнімдерді тұтынуға ұмтылғанымыз дұрыс. Биылғы жылы да осы бағдарламаға қатысуға мүмкіндік мол. Осыны құр жібермеңіздер, – деп аяқтады сөзін Әнуар Махмұд.

Түрлі салада жүрген жастармен осы тектес кездесулер, түсіндіру жұмыстары жалғасын таппақ. Айта кету керек, көтерілген мәселелер аяқсыз қалмайды.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.