Тылда шыңдалған

20150227-02-03Қазақтың қай ауылына барсақ та аузы дуалы,шежіреден сыр шерткен сыйлы қарияларды кездестіретініміз анық. Сексен-тоқсан жасты алқымдаған қазыналы қарттарымыздың бала кезі мен жастық шағы халқымыздың басынан кешірген нәубет, соғыстың алапат жылдарымен, Ұлы Жеңістен кейінгі қиын кезеңдермен тұспа-тұс келді. Тапшылық пен таршылықты тартып, көзін еңбекпен ашып, мезгілінен ерте есейді. Сәтбаев қаласындағы сондай қадірлі аналардың бірі, тыл ардагері – Бәдиша Молдағалиева.

Бүгінде тоқсанның төріне шыққан қарт ана Ұлытау ауданының Қаракеңгір ауылында дүниеге келді. Балалық шағы артельдерді ұйымдастырып, колхоздар құру науқанына тап келіп, елгезек, еңбекқор бала болып ержетті. Белін бекем буып, бар күшін колхоздың белсенді мүшесінің бірі ретінде сарп етті. Отбасында отырмай, қайнаған жұмыстың ортасынан табылып, үлгілі істің ұйтқысы болған Бәдиша апаны ауылдастары айрықша құрмет тұтатын. Тұрмыстан әбден титықтап, қара суға телміріп, абдырап қалған шақта да мойымады. Қарманғанның қарап қалмасын дәлелдеп, еңсесін түсірмей отбасы ауыртпалығын мойнына алып, күнкөрістің көзін тапты. Темірдей төзім танытқан Бәдиша апаның ерік-жігері мен қажыр-қайратына таң қалмасқа шара жоқ.

– Әкем Сыздық пен анам Қарашаш он алты бала сүйгенімен, барлығын қара жердің қойнына тапсырды. Жер басып тірі қалғаны мен ғана. Әкем ауылда басқарма болып, ешқандай қиындық көрмей өстім. Сұм соғыс басталып, бақытты өмір көзден бұл-бұл ұшты. Соғыс кезінде Бозтұмсық деген жерде шөп шауып, егін ордық. Торғайдан қорып, егін басында түнейміз. 1943 жылы Бірәлі Молдағалиевке тұрмысқа шықтым. Ол 1939 жылы он жеті жасында Фин соғысына қатысып, аяғынан жүре алмай, жараланып оралды. Әке-шешесі жоқ, жалқы жігіт еді. Жабыққанда жалғыздығын айтып, жылап алатын марқұм. «Қызыл коммуна» ауылында ферма меңгерушісі, партком, бригадир болып еңбек етіп, балаларды жеткізіп жетпіс жасында өмірден өтті, – деген Бәдиша апа әңгімесін әрі қарай жалғастырды.

– Күніне қырық сиырға дейін сауатынбыз. Май-қаймағы алынған көк сүтті қайнатып, ірімшік, құрт жасаймыз. Торғай шырылдағанда тұрып жұмысқа кірісеміз. Бел шешпей көз іліндірген күніміз болды. Қызым Алтынды егістіктің ортасында дүниеге әкелдім. Кіндігін кесіп, әйелдер баланы орап алып кетті. Есіме түскенде «ойпырмай, сол уақыт қандай қиын еді» деп ойлаймын. Міне, біздің көргеніміз осындай болды. Соғыстан кейін де нан жетіспеді. Ірімшік, құрт жейміз. Бидайды үгіп алып, қуырамыз. «Шіркін-ай, ет жесе» деген күніміз болды. Тоғанға бөгет жасау үшін қап-қап топырақты арқалап тасимыз. Сиырға арналған қара тұз бен жемді он шақырым жердегі фермаға жаяу апарған кезім болды. Сонда ауруды білмейміз, қыңқ етіп үн шығармаймыз.

Сол кезде белсенді жастардың бірі ретінде газет бетіне Бәдиша қыз туралы мақала жарық көрді. Сөйтіп, ол ауылдастарының құрметіне бөленіп, мақтанышына айналды. Тігіншілігімен танылып, қолынан шыққан көрпе-жастықтар әр үйдің төрінен орын алды. Талай жылғы төккен тер еш кетпеді. Тыл ардагеріне Үкімет тарапынан қамқорлық көрсетіліп, қалалық әкімдік көп қабатты үйден, ішінде жылуы мен суы дайын пәтер кілтін қолына ұстатты. Ұлы Жеңістің 50 жылдығы, «Даңқ» медальдарымен марапатталды.

Бірәлі мен Бәдиша апаның бауырынан өрбіген бес баланың екеуі бүгінде бір-бір мамандық пен шаңырақтың иесі атанып, өмірден орнын тапты. Балкен мен Алтын атты қыздарынан жеті немере, тоғыз шөбере сүйді. Қазір күйеу баласы Жайық пен қызы Алтынның қолында тұрып жатқан жайы бар. Балкен мен Ұзақбай үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Ал, Алтыны мен Жайығынан екі ұл, бір қыз сүйіп отыр. Бұл күндері олар да өз ұл-қыздарының ата-әжесі атанып, ұрпағын үлкенді сыйлауға, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге тәрбиелеп келеді. Күйеу баласы Жайық Мұңсызбаев Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, энергетика саласының ардагері, Қазақстанға, ТМД-ға еңбегі сіңген энергетик, елге елеулі, абыройлы жандардың бірі. Шөбересі Айдана Голландияда білім алуда, немересі Абай қаржыгер, тағы бір немересі Ардағы Германияда тұрады. Нұрсұлтан, Жанар, Шынар атты немерелері де ешкімнен кем емес. Өндірісте бір-бір қызметтің тізгінін ұстаған азаматтар.

– Анамыз әлі күнге ойын-тойдан қалған жоқ. Санасы сергек, жүрісі ширақ, ойы орамды. Үйде отыруы сирек. Немерелерінің үйін аралап, қыдырып кетеді. Ән салып, өткен кеткенді қозғап, әңгімелеп отырады. Бұл өмір бойы отырмай жұмыс істеп, әбден шыныққаннан болса керек. Арамызда осылай жүргенінің өзі үлкен ғанибет, – дейді қызы Алтын сөз арасында.

Қариямен әңгімеміз енді қыза бастаған тұста жанымызға құлдыраңдаған қыз бала келіп, әжесін құшақтай алды.

– Әжеміз біздің панамыз.

Әжеміз біздің данамыз,

Әжеден ақыл аламыз.

Әжедей адам боламыз, – деп тақылдап тақпақ айтып берген шөбересі Зере болып шықты.

Міне, артынан осындай өнегелі ұрпақ өрбіткен Бәдиша апа елге қадірімен, балаларына ұлағатымен сыйлы. Ол кешегі кеңес дәуірінде елу жылға жуық еңбек етіп, қазір бейнетінің зейнеті мен рахатын көруде. Ауыр кезеңдердің қиындығын қайыспай көтеріп, бүгінгі күнге жетіп, ғибратты ғұмыр кешкен қарияның өмір жолы баршаға өнеге. Қара шаңырақтың қазіргі ұйытқысы Бәдиша апа бізге кетерде: Жарылқа, Алла, қабыл ет, жарылқаудың қамын ет. Айдан аман, жылдан есен болыңдар! Алла бірліктеріңе береке берсін, Отанымыз аман, бейбітшілік заман болсын! – деген ақ батасын берді. «Қабыл болғай» деген ниетпен аттандық.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.