Газет және оқырман

Сарайдың алды, Сарсаңға салды

20150227-12-01Өткен жылы Кеншілер алаңына қазақтың тұңғыш академигі Қ.И.Сәтбаевтың ескерткіші орнатылды. Ұлы тұлғаның шаһар төрінен орын алғанына қуанбаған жан болмаған шығар, сірә?!

Әңгіменің төркініне көшсек, осы ескерткіштің айналасына төселген жылтыр плиткадан қыс бойына қаншама адам құлап, мертігіп, жарақат алып жатқандарын айтып жүр.

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы қызметкерлерінің айтуынша, кешкілік концерттерден шыққан тұрғындардың көбі жапа шеккен.

Плиткаларды төсерде осы жағы қалай ескерілмеген?

Алдағы уақытта осы мәселе оң шешімін тапса дейміз.

 

Құдықты қазған кім екен?

Редакцияға жақында Наурыз көшесі, 53 үйдің тұрғындарынан хат келіп түскен еді. Тұрғындардың хатында «Өткен жылдың қазан айында біздің үйдің іргесіндегі кәріздік құдықты қазды. Содан кәріздік құдықтың сыртындағы бетон қоршауы жарылып, ішіндегі су далаға кетіп жатыр. Қыс бойы ашық күйде жатқан құбырдан тіпті күн жылыған сайын иіс шығып, бір тұрғын қазір үйінде тұра алмағандықтан туыстарының үйінде жүр. Анықтауымыз бойынша бұл құдықты бір азамат жылумен, сумен жабдықтау мекемесіне ақша беріп қаздырған. Ол азамат «Мен ақшасын бердім, қазған мекеме жабуға тиіс» деген жауап айтты. Мәселенің мәнісін анықтау үшін жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнына хабарласқанымызда «қазған біздің кәсіпорын емес. Онда біздің шаруамыз жоқ» деп ат тондарын ала қашты. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және автокөлік жолдары бөліміне де шағым айтқанбыз. Мамандар келіп көріп кетті. Бірақ, ешқандай нәтиже жоқ» делінген.

Тұрғындар көтерген мәселеге қанығу үшін Наурыз, 53 үйге арнайы бардық. Шынында да ұзыннан-ұзақ қазылған арық дәл үйдің іргесінде суға толып тұр. Сасық иіс қолқаны қабады.

Бұл құдықты көктемге дейін жауып, жан-жағын тегістемесе, жиналған су ескі үйдің іргетасы арқылы үйге кірсе, не болмақ?

Тұрғындар шағымын жергілікті билік өкілдері аяқсыз қалдырмайды деп сенеміз.

 

Өгейдің күйін кешудеміз…

20150227-12-03Осыдан біршама уақыт бұрын редакцияға Гурба көшесі, 34 үйдің тұрғындары келіп, өздерінің шағымдарын жеткізген еді. Тұрғындар тұрып жатқан үйлерінің сыйқы қашып, көріксіз күйге түскенін айтуда. Көп қабатты үйдің қасбетінің сылақтары түсіп, подъездері азып-тозып кеткен.

Мәселенің мән-жайын тұрғындар жауапты мекемелерге жеткізгендерімен, ондағылар «сен тимесең, мен тименің» керін келтіріп, еш қам-қарекетсіз отыр.

Мұның сыртында өткен жылы күзде үйдің жанын қазып, топырақты тегістемей, үйіп кеткен. Такси шақырса «жолдарың қазулы, біз кіріп-шыға алмаймыз» деп келуден бас тартады. Балалардың ойын алаңы да жарамсыз күйде.

– Құзырлы мекемелердің біздің ауданды мүлдем қараусыз қалдырғандары қалай? Бір қаланың ішінде тұрып, өгейдің күйін кешкендей болып отырмыз. Тым болмаса есіктің алдында үйіп кеткен топырақты тегістеп берсе дейміз. Себебі, көктемде еріген қар суы есік алдын алып кетіп, лайға батып қаламыз ба деген қаупіміз бар, – дейді тұрғындар.

Мына суреттерде көріп отырғандарыңыздай, көп қабатты үйдің жағдайы өте күрделі. Осыған байланысты қала әкімдігі мен жауапты мекемелер көтеріліп отырған мәселеге көңіл аударса.

 

Мұзда сақ жүріңіз!

20150227-12-04Биылғы Қой жылының қысы қатты мінез көрсете қоймады. Қаңтардан қаңтарылмай шығып, ақпанға келгенде жауған қар еріп, үстінен жаңбыр жауып біраз әбігерге салды. Бұл, әрине, табиғаттың заңдылығы ғой. Артына жалтыраған көк мұзын қалдырып кетіп бара жатқан ақпан айы сәтбаевтықтардың есінде қалары хақ. Өйткені, қала көшелерінде қатқан мұздан әупірімдеп жүр.

Жаяу жүргінші жолы болсын, сауда орталықтары мен дүкеннің алды болсын мұздан көз аша алмай тұр. Кәрі-құртаң кісілер тұрмақ жастың өзі оқыс қимыл жасаса шалқадан түсетін мұндай көгала мұздың бетін бүркеп не болмаса ойып тастауға жауапты мекемелер құлық танытпай отыр.

Жаяу жүргіншінің жолына аракідік әр жерге мардымсыз топырақ төккендей болады. Алайда, оның көбісі тас кірпіш.

Дәрігерлік-санитарлық бөлімшесінің тіркеу бөліміне хабарласқанымызда, мұзға құлап жарақат алғандардың саны күрт өскен.

«Сақтансаң сақтаймын» демекші, қала көшелері әбден мұздан арылғанша сақ жүргеніңіз абзал.

Тұрғындардың шағымын тыңдап, дайындаған Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.