Қазыналы өңірдің келешегі кемел

Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков өткен бейсенбі күні аймақ халқының алдында есеп берді. Бір жыл бойы қазыналы өңірде атқарылған істерді саралап, халықтың түйткілді мәселелері көтерілген жиынды қала басшысы Әнуар Омар бастаған жергілікті билік басшылары мен депутаттар, кенді қаланың тұрғындары Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында тамашалады. Онлайн режимде өткен есеп беру жиынында Нұрмұхамбет Қанапияұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсіміне талдау жасай келе, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, білім, денсаулық және мәдениет салалары мен тіл, жастар саясаты төңірегінде өңірде жүргізілген оң істерге тоқталды.

Халық пен билік арасын жақындастыра түсу ниетінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасының негізінде бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған бұл есептік кездесуде облыстың қалалары мен аудандарынан тұрғындар байланысқа шығып, жұмыссыздық, баспана, коммуналдық қызметтердің қымбаттауы, шағын қалалардың келешектегі дамуы сынды түйткілді мәселелерді көтерді. Аймақ басшысы халықтың көтерген сұрақтарының кейбіріне жауап берсе, кейбірін өз бақылауына алатындығын жеткізді.

Аймақ басшысы сонымен қатар, «Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеу­меттік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған Ке­шенді жоспарына» сәйкес, өндіріс ісін кеңейту мақсатында Сәтбаев қаласының Шығыс бөлігінде салынған 24 коттеджге бүгінде Жезқазған поселкесі, ГРП елді мекендерінің тұрғындары қоныстанып жатқандығын тілге тиек етті. Бұл көштің соңғы легі келер жылы аяқталады деп күтілуде.

Үш сағатқа созылған жиын соңында облыс басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков қандай қиындық болса да қазыналы өңірдің келешегі кемелденіп, бағындырар белесінің баянды екенін айтты.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.