Өнімді еңбек кепілі

20150306-04-02Өткен жылдың екінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша Солтүстік Жезқазған кенішіндегі еңбек жарысында оза шапқан озаттарды кәсіпорындағы «Жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Зәуре Исмағұлова марапаттады.

Аталмыш кеніштегі ай сайынғы жоспардың орындалысында ырғақты еңбек жатыр. Бұл жұмыс барысының қалыптасқандығын байқатады. «Жастар шахтасы» деп атауға толық негіз бар еңбек ұжымы өңшең сайдың тасындай іріктелген, қайраттары қайнаған, жалындаған жас мамандардан құралған. Мұнда кездейсоқ адамдар жұмыс істемейді. Барлығы бір-бірі үшін жауапкершілік жүгін мойнына алған. Олардың дені бұрғылаушылар, проходкашылар, жүргізушілер, дәнекерлеушілерден тұрады. Кәсіби мамандық иелері үшін бұлжымайтын басты қағида – бұрғылау, аттыру жұмысы барысындағы берілген басты нұсқаулардан ауытқымау, қауіпсіздік техникасы ережелерін қатаң сақтау. Мамандығының майын ішкен майталмандар арасында мақтауға да, марапаттауға да лайықтылар жетерлік. Солардың бір тобы «Үздік жас маман-2014» атанып, «Қазақмыс» корпорциясы «Жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сергей Тысевичтің Құрмет грамотасы мен заттай сыйлықтарға ие болды. Арман Үсейнов, Қуандық Бесімов, Ерлан Жусамбаева, Нұрбол Жүнісбеков, Наталья Колесник, Юлия Стогний, Ольга Кутовых, Алима Бадагулова, Вячеслав Кипрушенков, Болат Жүнісов сынды өз ісінің шеберлерінің еселі еңбегі атап айтуға тұрарлық.

Әрине, жоспарды дер кезінде орындап, мүлтіксіз жұмыс атқаруда еңбек озаттарының қосар үлесі ұшан-теңіз. Жастардың жақсы жағынан көрінуіне аға буын өкілдері көп көмек көрсетуде. Кәсіпорында спорттық-мәдени, сауықтыру шараларына жете көңіл бөлінеді. Жас мамандарды оқытуға арнайы қаржы бөлініп, тәжірибе алмасып, теориялық-даярлық сабақтарын өткізу жұмыстары да қолға алынуда. Техника қауіпсіздігін, еңбек жағдайын жақсарту мақсатында «Өмір» жобасы күн тәртібіне енгізілген.

Экскаватор жүргізушісінің көмекшісі Арман Үсейнов осы ұжымның «қазанында қайнап» қабырғасы қатайып, бұғанасы бекіген азамат. Еңбек жолын бірден осы жерден бастаған. Бүгінде өз ісінің шебері атанып жүрген жас жігіт ұзақ уақыт талмай еңбектенудің арқасында ұжымның беткеұстарына айналды. Ал, орда бұзар отыз беске аяқ басқан электрмен, газбен дәнекерлеуші Ерлан Жусамбаевтың да жеткен жетістігі аз емес. Бұл күні ол мерейлі той иесі ретінде «Жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің сыйы мен құрметіне бөленді.

– Әлі де болса үйренуден, тәжірибемді молайта беруден жалықпақ емеспін. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау бізде бірінші орынға қойылған. Осы бағытта үйреніп, оқып, сынақтан өтеміз. Қауіпсіздік ережесін орындамай жұмысқа кіріспейміз. Апатты жағдайдың алдын алып, дер кезінде ауыздықтауға тырысамыз, – дейді жас маман.

Озат жұмысшылар қатарындағы тоқ желісі шебері Нұрбол Жүнісбеков Жезқазған политехникалық университетінің түлегі. Жуырда ғана ашылған «Весовая» елді мекені маңында орналасқан «Кресто 2» карьерінде өнімді еңбек көрігін қыздыруда.

Еңбек озаттарына тоқсан сайын лайықты сый мен құрмет көрсету, марапаттау «Қазақмыс» корпорациясында жағымды дәстүрге айналған. Бұл өнімді еңбек пен жақсы көңіл-күйдің кепілі болмақ.

Мейрамгүл Алпысбаева. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.