Ақынның жыр әлемі

20150306-06-01Зинаида Чумакова – ақын, жазушы, публицист, Қазақстан және Ресей Жазушылар одақтарының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, мәдениет қайраткері, Константин Симонов және Гавриил Державин атындағы халықаралық әдеби сыйлықтардың лауреаты, Магомед Мамакаев атындағы «Алтын қыран» орденінің иегері, «Земные звезды Жезказгана», «Осенняя рапсодия», «Диалектика души», «Түсіме таулар кіреді», «Иволга», «Свет и тени», «Три вершины», «Начать сначала» прозалық және өлең кітаптардың авторы. Таңдаулы шығармалары, өлеңдері мен повестері, эсселері «Шешен әдебиеті кітапханасының» 19-томына, «Мадонны Турана», «Жемчужная поэзия Казахстана» поэтикалық антологияларға енген. Поэзия және проза жанрында жазылған он кітаптың авторы.

Шығармалары қазақ, шешен, украин, поляк, чех, белорус тілдеріне аударылған. Олардың көбісіне ән жазылып, романс және эстрада түрінде орындалып жүр. Жиырма үш әні топтастырылған «Ренессанс моей души» атты алғашқы альбомы 2006 жылы жарыққа шықты.

Шешен ұлтының патриот қызы Зинаида Чумакова – шығармаларын орыс тілінде жазатын, қазақ мәдениетін бойына сіңірген көп қырлы жан. Қазақтың мәдениетін, салт-дәстүрін жақсы білгендіктен, көптеген мақалалары мен өлеңдерін, әндерін осы тақырыпқа арнаса да, өзін этникалық отаны – Шешенстаннан бөлген емес. Ол өзінің жырларында қазақтың салт-дәстүрін жырға қосып, адамгершілікті дәріптеп, туған жеріне деген ыстық махаббатын өлеңмен өрнектейді.

Журналист Айқын Несіпбай «Қазақстан ұқсайды анашыма» атты мақаласында ақын шығармашылына байланысты былайша ой өрбітеді: «Оның өлеңдерінде негізінен қазақ еліне деген терең сүйіспеншілік, шешен халқының тағдыры, түпкі отанына сағыныш жыр жолдарымен өріліп, өрнектеледі. Зинаида Чумакова «Алтыбақан» өлеңінде:

Өстім, өндім қазақтың даласында,

Қазақстан ұқсайды анашыма.

Алтыбақан тербелген айлы кеште

Көңілім менің түседі сабасына, – деп сыр қозғайды.

Тегінде жақсылықты жақсы адамдар ұмытпайды. Ізгілікті ізгі адамдар кеудесіне сіңіреді. «Түсіме таулар кіреді» деген өлеңінде бабалар елі, бабалар жеріне жүрегін кернеген өртті сезімдерін арнай келіп:

Қазақстан бізді бауырына басты,

Бір кезде туған ұлындай.

Сығып бір тастап көздегі жасты,

Ойнақтап шықтық құлындай, – деп көкірегін толғантқан ойларға тағы оралып өтеді.

Қазақтың салт-дәстүрін жырға қосып, адамгершілікті дәріптеп, туған жеріне деген ыстық махаббатын өлеңмен өрнектейді».

Ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ибрагим Бекмаханұлы «Жырларында өршілдіктің лебі бар» мақаласында ақынның қазақ халқының салт-дәстүрін жетік білетіндігіне тәнті бола отырып: «Қазақстанда туып-өскен, барлық саналы ғұмырын шығармашылыққа, мәдени-рухани өміріміздің жаңғыруына арнап келе жатқан Зинаиданың Жезқазғандағы зиялы қауым арасындағы бедел, абыройының биік болуына оның білімпаздағы, мәдениеттілігі, парасаттылығы, басқа да тал бойына біткен жақсы қасиеттері үлкен септігін тигізіп келе жатқандығы белгілі. Қарапайым шешен қызының қазақтың тұрмыс-салтын, әдет-ғұрыптарын жетік білуінің өзі неге тұрады?!. Әйтпесе, ол «Алтыбақан», «Шашу», т.б. өлең-жырларын жазбас еді ғой», – деп ризашылық танытады.

Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты, жазушы Айгүл Кемелбаева ақын Зинаиданың шығармашылығына зер салған кезде: «Қазақ сарынына, туып-өскен жеріне сүйіспеншілікпен жазылған циклді өлеңдерінің бірі «Ақ бата» өлеңінде ол барша адам баласына ізгілік тілейді:

Ак бата – наш путь к истокам,

От отцов и к сыновьям.

«Ак бата – сиянье слов», – деп ақын өзі анықтама бергендей, бұл – жүректің сөзі. Ақындық соны таза ұстанса, мұратына жеткені», – деп толғанады.

Қаламгердің әрбір эссе, өлеңдері философиялық ойға құрылған, оларда түйінді дән де, тұщымды дәм де бар. Ақынның шығармалары эстетикалық көркемдігімен, жазылу ерекшелігімен, әсерлі тілімен жүрек баурайды.

Тәкаппар,

Асқақ реңі

Қайғыға мені батырып,

Түсіме таулар кіреді –

Түнімен мені шақырып.

Қазақтың ақиық ақыны Серік Ақсұңқарұлы: «Ақынды тану үшін оның туған жеріне бару керек» деген қанатты сөз бар. Шешен қызының ата-бабасының қаны тамған Қап тауына, Ичкерияға деген махаббаты менің көзіме жас алдырып, арқамды шымырлатты», – деп ағынан жарылған еді.

Шешен Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы «Ұлт намысы» орденінің иегері, Шешенстан Мемлекеттік Сыйлығының лауреаты Рафаэль Ниязбек: «Ақын З.С. Чумакованың «Ичкерия», «Түркіменстан», «Түсіме тулар кіреді», «Шамсудин», «Мансұр Шейхтің үмбетіміз біз» сияқты өлеңдерінде азаттық жолында күресіп жатқан, әлі де күресе беретін шешен халқының ерлігі мен елдігі шынайы суреттелген. Сонау қырғын жылдары Қазақстанға кеп, пана тапқан шешен қызы туған халқының қилы тағдырын жырлап күрсінгенде, көкірегі қақ жарыла жаздайды. Бірақ, мұқалып, күңіренбейді. «Ичкерия, назары сенде үрейлі ғаламның» деп күркірейді. «Ичкерия, сақтайды сені тәкаппар ұлдар аманда» деп сенімін серт етіп ұстайды», – деген ойын жеткізген еді.

Шешен Республикасының туында көк бөрі бейнеленген. Көк бөрі өліп кетуге бар, бірақ берілмейді, ендеше тәуелсіздігін қорғап, қару асынып, қан кешіп жүрген әр шешеннің бір-бір көк бөрі екені жалған емес. Ақынның «Ичкерия, сақтайды сені тәккаппар ұлдар аманда» деп сенімді жырлауы, міне, осы көк бөрі азаматтарына жүрегі кәміл сенгендіктен еді.

Далада өскен Тау қызы тұп-тұқиянында, ата-тегінде бар құбылысқа жанымен асық. «Тау өзені» деп аталған суреткерлік рухы биік өлеңі – соның белгісі. Лермонтов өлеңдеріндегі адуын арын, асқақ жаратылысқа, дауылға, стихиялық күшке құштарлық өлеңнің мазмұнын кернеп тұрады. Расында бұл өрлігі таудай ата-бабалар рухына тағзым. «Сенің тәкәппарлығың мен асау арының, құпия суың, күш-жігеріңді маған берсе ғой деп толқиды лирикалық кейіпкер», – деп Айгүл Кемелбаеваның да ағынан жарылуы тегін емес.

«Сұлулыққа бет алған соқпақ» атты мақаласында Нұрперзент Домбай ақын болмысына үңіледі: «Зинаида, ең алдымен, туған халқының патриот қызы. Бұл сезім оның «Ичкерия», «Елім менің», «Шамсудин», «Борз», «Мансұр Шейхтің үмбетіміз біз» өлеңдерінде анық көрініп тұр.

Туған жерін, туған елін сүйе алмаған адам ақын болып жарытпайды. Ақындықтың негізі елді, Отанды сүюден басталса керек. Зинаидада осы қасиет бар. Ол тарихи Отанынан әлденеше шақырым шалғайда жүрсе де, бүйрегі Қап тауына қарай бұрып тұрады. Міне, бұл – нағыз адамның, ел перзентінің қылығы. Зинаидадан біздің бірқатар қазақ бауырларымыз үйренуі керек. Өзі қазақ бола тұра, ұл-қызын қазақша сөйлеттіргісі келмейтін қандастарымыз бар. Осыдан кейін қазақ тілі қайтіп көгермек, қазақ халқының бағы қайтіп жанбақ?! Намысшыл шешен қызына қызығасың. Біздің әрбір қызымыздың, әрбір қазақ әйелінің жүрегі Зинаиданың жүрегіндей соқса екен дейсің. Сонда алмайтын асуымыз, шықпайтын биігіміз болмас еді-ау».

Ақын ешқашан да жамандық тілемейді. Ол төңіректің нұр-шуаққа малынып тұрғанын қалайды. Тек табиғаттан ғана емес, дүниауи тіршілікте қатар өмір сүріп жатқан Адам біткеннен жақсылық, мейірім, шапағат күтеді. Зинаиданың да адамдарға тілейтіні – жарық күн, арайлап атар аппақ таң, бақыт пен шаттық.

Бақытты бол, қадірлі адам, мен үшін,

Тілек айтам көп биікті алар деп.

Көңілімнің кеңейткендей өрісін,

Бұл кездесу ләззат берді маған көп.

Тіршілік кеш, жырларыңды санама,

Таңды қарсы ал, махаббатты қадірле.

Жан-дүниең жарық болсын самала,

Төзбе және ойсыз қылған жәбірге.

«Рухы биік халықтың ақын қызы» мақаласында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Темірхан Медетбек былайша ой толғайды: «Шешен қызы Зинаида Чумакованың шығармашылығы өзінің шынайылығымен тартымды. Ақын қандай тақырыпқа бармасын, жүрек лүпіліне табиғи үндестікті сыйғызып отырады. Өлеңдерінің құндылығын осы қасиетінен іздеген жөн.

«Өлеңге айттым жанымның мұңды күйін де,

Сүргем жоқ өмір.

Бәрі де текке қалды құр.

Баламын.

Ұйықтап кетіппін туған үйімде,

Бір түндей болып өтті де кетті бар ғұмыр», – дейді ол «Шалғайда қалған жылдар-ай» деп аталатын жырында. Шындық. Көзді ашып-жұмғанша заулап өте шығар жалғанның жалқынын сезінген бар да, оның түп-тұқиянын тамырлаған ешкім жоқ. Ендеше, ақын тұжырымына дау айта алмайсың.

Чумакованың жыр әлеміне үңілген адам оның адалдық пен адамгершілікті бәрінен жоғары қоятынын байқайды.

Ақынның:

Мен шыдаман барымта мен додаға,

Ақиқат пен адал ғұмыр сүремін.

Ей, күйкі адам!

Маған мүлде жолама,

Сендейлерге жабық менің жүрегім», – деуі де содан».

Шешен әдебиетін қолдау қорының президенті, Ресей Жазушылар одағының мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Алаудин Мусаев пікірінше, «Оның өлеңдеріндегі өзіндік өрнек, толғаныс иірімдері – оның сұлулыққа құштар, рухани ізденіске толы әлемі. Оның бойындағы алдына қойған асқақ мұраты, жетер биігі айқын. Өмірде олар: азаттық, ар-намыс және махаббат. Шығармашылығында: поэзия, проза және публицистика. Кәсіби мамандығында: ағартушылық, мәдениет, журналистика. Ақын өзінің «Үш биік» деген өлеңінде:

«Үш нүкте. Үш бастауыш.

Үш межелік.

Алатын сияқтысың үш кезеніп.

Алайда талай ғұмыр жетпей қалған,

Үш биікке ұмтылған күш безеніп», – деп жырлайды».

Ақынның лирикасы жайында Айгүл Кемелбаеваның ой-пікірі былайша өрнектеледі: «Зинаида Чумакованың орыс тілінде жазылған өлеңдерін оқығанымда, аңызақтан шөлдеп кеп, лириканың қайнар бұлағына бас қойғанымдай сезілді. Ақынның жан сарайындағы адамға тән сезімнің бәрінен биік лирикалық күй, тәтті мұң, жердегі жарқын бақытты аңсау, өмірдің күйінішіне бас имеу тәрізді поэтикалық рух білінді.

Напиши мне письмо о любви,

Растревожь мое сердце обманом.

Говори, что хочешь, невпопад.

Я всему поверю безоглядно.

Пушкин мен Тютчевтің лирикасына тән жастық думанға елігу, еркіндік, көкжиектен асып жоғалатын иррациональды құса, сүйіспеншілік сезімнің қиындығы, нәзіктік пен қайсарлық қатар өрілген өлеңдерден әйел жанының сұлулығы сағымдай толықсиды. Боз мұнарға малынған көрік тұнып тұрады мұнда.

Әлбетте, бұл сенім алдамапты, Зинаида Чумакованың кеш кезіккен махаббат туралы шуақты жырлары соның айғағы.

Пришла к поэту поздняя любовь,

безбрежная, безгрешная любовь,

буранный возраст обращая в лето, –

Пришла так поздно вечная любовь,

вся в снах и звездах млечная любовь,

Последняя лювовь поэта.

Ақынның лирикалық кейіпкері кеудесіне толған құса-мұңнан ақырын арылады, ол үшін ертегілік сұлулыққа сүйіну жетіп жатыр. Бұл өлеңде өмір құбылыстарынан ерекше әдемілікті көре білу құпиясы тұнған. Ақын Константин Паустовскийдің «Алтын раушан» атты повесіндегі металл қорытқан шаң-тозаңнан алтын ұшқындарын жинап, ақыры керемет райхан гүлін ұстаға соқтырап алған ғашық жүректің иесі сияқтанады. Өмірдің ең қарапайым сәтінде, адам қаласа, бақытқа бөлене бермек. Ақын, міне, сондықтан нағыз алхимиктің өзі! Расында бақыттың өзі бір қас-қағым ұшпалы сәт емес пе!

Табиғат лирикасында да дүниені дәл көру бар:

Цветет трава-полынь

И запахом пьянит.

Стоит жара-теплынь –

Июльский малахит.

Зинаида Супьянқызының «Моншақ сатушы» атты әйел жанының жер бетіне тән ұшпалы бақытын, құпия шаттығын дөп суреттейтін бейнелі өлеңі бар. Бақытты болу үшін көп нәрсенің керегі жоқ, сәл нәрсе жеткілікті екен. Ол әйел-дің өз әдемілігін, жүректерді жаулайтын тартымдылығын сезінуі дейді. Адам психологиясын, әсіресе әйел жанының жұмбағы мен қалтарысын мұнан артық білу мүмкін емес! Ақиқаты осы.

Раушан Қапарова, Жезқазған тарихи-археологиялық музейі директорының орынбасары.

Комментарии закрыты.