Көшбасшы келіншек

20150306-02-02Қаламызда кәсіп пен мамандықтың түр-түрін меңгеріп, өз саласында жемісті еңбек етіп жүрген әйелдер көп. Өндірісте ерлермен қатар жүріп, өз ісіне шын берілген нәзік жанды тұлғалардың бірі Солтүстік Жезқазған кенішіндегі «Жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы — Зауре Исмағұлова. Биыл мерейлі жасын тойлайтын Зауренің өндіріс саласында тапжылмай еңбек етіп келе жатқанына 22 жыл толыпты…

Оның өмірбаянын тым қарапайым деп айтуға болмас. Орта мектепті бітіре сала Сәтбаев қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсті. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын талабы таудай қыз сол кезде ақ «Ұлытау» халық ансамблінің белді мүшесі болды. Гастрөлдік сапалармен Кеңес одағының түкпір-түкпірін аралап, сексенінші жылы Мәскеуде өткен спорттық олимпиадаға қатысып, Кремль сарайында өнер көрсетті. Ленинградта жоғарғы кәсіподақ мектебінде білімін толықтырып, көшбасшылық қабілетін ұштай түсті. Сол кездегі пионерлер сарайында он жылдан аса еңбек еткен дарынды маманның қоластында балалардың талабы шыңдалып, өрісі кеңейді. Қалалық шараларға белсене қатысып, әркез алдыңғы сапта жүрген жас қыздың көзге түспеуі, еленбеуі мүмкін емес еді.

Тоқсаныншы жылдары «Қазақмыс» корпорациясының «Жастар одағына» жұмысқа шақырылған кезде тартынбады. Өндірістегі жастармен тығыз байланыста жұмыс істеп, спорттық-мәдени шаралар, жұмысшылар демалысын тұрақты түрде ұйымдастырды. Жас мамандардың жұмысқа деген ынтасын, шеберлігін арттыра отырып, жеке тұлға ретінде дамуына атсалысты, қуанышын бөлісіп, қиналғанда демеу берді. Төккен тер, жасаған еңбегі текке кеткен жоқ. Халық қалаулысы атанып, үш рет қалалық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Ел мен жердің тағдырына қатысты мәселелердің оң шешімін табуына, алдына келгендердің меселін қайтармауға тырысып бақты. Бірнеше Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттардың иегері үшін өзін сыйлайтын ортаның, адал достардың, соңынан ерген жастардың ықылыс-ниеті мен құрметі бәрінен жоғары.

Елуді өкшелесе де Зауре Қалиқызы әлі де сол баяғыдай әдемі, ширақ, өмірдің бет қаратпайтын дауылдарына мойымаған өжет те қайсар қалпында. Сөйлесе қалсаңыз бойынан жағымды күш-қуат есіп тұрғандығын байқайсыз. Жастайынан спортты, биді сүйеді, өмірде тым белсенді. Желкілдеп бойжетіп, есті болып ержетіп келе жатқан қызы Әйгерім мен ұлы Жәнібек көзінің ағы мен қарасындай. Әкесі Қали мен анасы Нұрбала құрған берекелі шаңырақтың бесінші баласы болғандықтан шығар, қазір жетпістің жетеуіне келген анасына сүйеніш болып, қолына алып, қамқорлық танытуда. Туған-туыс, дос-жарандарына көмектесу үшін қолда барын аяған емес.

Зауре Қалиқызы 8 наурыз мерекесін ерекше жақсы көреді. Ол өзгелерден бағалы сыйлық күтпейді. Қымбат сыйлықты өзіне-өзі жасағанды ұнатады.

– Көп әйелдер ұнайтын затын өзіне қимайды. Ең алдымен адам өзін сыйлауы керек. Мен маңайымдағы барлық адамдарға сыйлық жасаймын. Бірақ, өзімді де ұмытпауға тырысамын, – дейді жаны шуақ шашып, маңайын нұрға толтырып жүретін кейіпкеріміз.

Иә, өмірдің қым-қуыт жолынан өз соқпағын тапқан Зауре Қалиқызы міне, осындай адам. Көшбасшылық қасиетке ие тұлғаның ешқашан адаспасы анық.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.