Наз күлкісі жарасқан

20150306-02-03Әйел заты қашаннан мейірімділіктің, сұлулық пен нәзіктіктің символы болған. Қазіргі әйелдердің өмірі айтарлықтай өзгерістерге толы. Олар бизнесте, саясатта, қоғамда тамаша табыстарға жетумен қатар, отбасының ұйытқысы бола білуде. Шексіз парасаттылығының арқасында кәсіби орта мен отбасында қиындықтарға қайыспай жүрген қыз-келіншектердің қатарында біздің бүгінгі кейіпкеріміз Зағира Қожахметова да бар.

Жезқазған поселкесінде туып-өскен Зағира Аманқызы Теміртау медициналық училищесінің түлегі. Кейін, Целиноград қаласындағы медициналық институтта білім алған кезі атақты «Желтоқсан көтерілісіне» тап келгенде де мойыған жоқ. Солақай саясаттың салдарынан оқудан қуылғанда туған жерін бетке ұстап, тартып отырды. Сәтбаев қаласына оралып, еңбек майданына араласты. Бүгінде «Қазақмыс» корпорациясына қарасты медициналық-санитарлық бөлімі зертханасының зерткері Зағира Қожахметова жауапты, тиянақты, білікті әрі еңбексүйгіш маман ретінде өз орнын тапқан жетекші мамандар қатарында.

– Көгілдір көктем күшіне мінген, көктен күн сәулесі төгіліп, тіршілікке жан біткен мезгілмен бірге жасарып, жаңарған аналарды, аялы да ардақты аруларымызды шын жүректен құттықтаймын! – деген лебізін білдірді.

Денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы тер төгіп келе жатқан Зағира Аманқызы – бірінші санатты зерткер, бірнеше Алғыс хат пен Құрмет грамоталарының иегері. Біліктілік көтеру курстарында білімін жетілдіріп, майталман маман атанды. Өмірлік жұбайы Ермекпен бірге Іңкәр атты бүлдіршін тәрбиелеп, отбасының қызық-қуанышын бөлісуде.

– Өмірімде қиындықтар көп кездесті. Ондай кездерде өзімді жұмыспен ғана жұбатамын. Өйткені, адамды абыройға бөлейтін тек қана еңбек. Мен осы саланы таңдағаныма қуанамын. Бірақ, көздеген мақсатыма жете алмағаныма налитыным бар. Ол – жоғарғы оқу орнын аяқтай алмағандығым. Менің бергенімнен берерім көп әлі. Сондықтан, қолымнан келгенінше, қиындықтарға мойымай, алға ұмтыла бермекпін, – дейді бізбен әңгіме барысында ағынан ақтарылып.

Жүзіне жылулық ұялап, наз күлкісі жарасқан Зағира Аманқызы бізбен қоштасып жұмысына асыға басып кетіп бара жатты. Оның осы келбетінен, жүріс-тұрысынан барлық адамдарға жақсылық пен қуаныш тілеген анаға тән мейірімді аңғардық.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.