Жауынгер жесірі

20150306-01-01Ел басына қайғы бұлтын үйірген кешегі қаһарлы күндер қыз-келіншектер мен әйел-аналарға да аз салмақ салмағаны белгілі. Олардың бірі майданда қан кешсе, енді бірі тылда тер төкті. Тіпті, жастайынан қара жамылып, қайғы құсқандары қаншама?! Жар құшағының жылуы басылмай жатып жалғыз қалу қандай қиын екенін айтып жатудың өзі артық. Кезінде арды ойлап, адалдықтың ақ жібін аттамаған аналарымызды қалай дәріптесек те артық емес. Сондай жандардың бірі, бірінші беттің бүгінгі кейіпкері жауынгер жесірі, тыл ардагері – Жекен апа Сейтенова.

Бүгінде тоқсанның үшеуіне келген кейуанаға кешегі ауыр да азапты күндерді еске түсіру оңайға соққан жоқ. Әсіресе, отасқанына екі жыл болмай жатып қапыда айырылып қалған қосағы жайлы айтудың қаншалықты қиын екені оның жүзінен айқын аңғарылып тұр.

– Тағдыр мені жастайымнан қиындықпен есейтті, – дейді Жекен апа көкірегі қарс айырыла күрсініп. – 1940 жылы, он сегіз жасымда Ұлытаудың ұланы Сәлем Торғаев деген жігітпен дәм-тұзымыз жарасып, отау құрдық. Өміріміздегі барлық жақсылықтарды бірге өткереміз деп жүргенде дүлей соғыс басталып, 1942 жылы майданға аттанып, содан елге қайта оралмады. Сәлемнен соғы рет хат 1943 жылы қарашаның 13-і күні келді. Сол хаттардың барлығы өзімде сақтаулы тұр.

Оның соғысқа аттанып бара жатқанда айтқан мына бір сөзі құлағымнан әлі кетер емес. «Отанымызды қорғап, ұлы ерлік жолында шейт болсақ арман болмас. Жекен, сен қамықпа, бұл жойқын да бітер, жаудың да туы жығылып, елге оралған соң тату-тәтті ғұмыр кешеміз әлі» деген еді сол жолы Сәлем. Тағдыр, шіркін, адамның дегеніне көнген бе? Туған жерінің қадір-қасиетін жоғары бағалай білетін Сәлемге топырақ жат жерден бұйырды. Ол кісінің денесі Украинада жатыр.

Осы әңгімені айтқанда Жекен апай бордай езілер деп ойлағанмын. Жоқ, керісінше ол қайсарлана түскендей. Майдан даласында, жат жерде қалған жарының отын өшірмей, ұрпағын жат жанға жаутаңдатпай өсіргенін, «мен сенің шаңырағыңды құлатпадым» деген сезімін осылай жеткізгендей. Осыны көре отырып мен біздің аналарымыз қандай қайсар еді деп сүйсіндім.

Жиырма бір жасында қара жамылып, жесір атанған Жекен апа өмірден түңілмей, енді сол қыршын кеткен қосағының кегін қайтару үшін тылдағы тынымсыз еңбекке бел буа кірісті. Ол кездері уақытпен санасу деген мүлде болған жоқ. Күннің атысында жұмысқа кетіп, кештің батысында оралатын. Кеш қылаң бергенге дейін түздің шаруасын ыңғайластырса, түнде айдың жарығымен жауынгерлерге жылы шұлық, биялай тоқып, қыста тон мен тымақ пішіп, тігетін…

Бейбіт өмір салтанат құрып, Жеңістің туы желбірегеннен кейін де соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру көп жылдарға дейін күн тәртібінен түскен емес. Сондай бейнеттің бел ортасында Жекен апа да жүрді. Ол ел қатарлы еңбек етіп қана қойған жоқ, сол еңбегімен елге үлгі бола білді. Оның бұл қажырлы істері өз уақытында әділ бағасын алды да. Жекен апа бірнеше рет ауылдық, аудандық кеңестерге депутат болып сайланды. Депутат ретінде сайлаушыларының аманатын да абройлы орындай алды.

– Ауылшаруашылығы аймағы саналатын Ұлытаудың сайлаушылары бізден қол еңбегін жеңілдетуді сұрады. Біз халықтың бұл тілек-ұсынысын облыстық кеңеске жолдап, шешіп беріп отыруға тырыстық. Сондықтан да болар, өзіме қарасты сайлаушылар депутаттығымды жаман бағаламады. Осының нәтижесінде Қарағанды облыстық XVIII партия конференциясының, ал, 1961 жылы Қарағандыда өткен облыс әйелдерінің І съезіне делегат болдым, – деп еске алады сол бір бақытты сәттерін Жекен апа.

Әз ананың омырауына тағылған «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жанқиярлық еңбегі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен қатар, мерекелік медальдарды, сондай-ақ, «Тыңға – 50 жыл» төсбелгісі мен шет жоқ Құрмет грамоталарын оның өлшеусіз еңбегіне берілген құрмет деп бағаладық.

Сәлемдей ардақты жанның ұрпағын өсіріп, бір ұл, бір қыздан немере-шөбере сүйген Жекен әже ұлы еліне елеулі азамат Ермұхамбет пен Бәтиманың қолында еліміздің тыныштығын тілеп, ұрпағына батасын беріп отыр. Өз заманында сауыншылықтан депутат дәрежесіне көтерілген Жекен Сейтенованың еңбегі ұрпағы үшін де, еңбексүйгіш жас буын үшін де тұнып тұрған өнеге. Тек сол ғибратты ғұмыр иесінен өнеге ала білсек болғаны.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.