Жүректегі жазулар

20150319-07-01Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын ХХV аймақтық «Ұлытау үні» фестивалі аясында Жезқазған қаласындағы С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалы драма театрында ақын Нұрәсила Бәрменбаеваның 100 жылдығына арналған әдеби кеш сусаған көрерменнің шөлін басқан рухани жыр кешіне айналды.

Айналғаны сол, жастар жағы біле бермейтін ардақты ақын, салмақты сазгер апамыздың тіршілігіндегі асыл армандарының орындалғандығының куәсі болып, шабыттанып қайттық. Оқырмандардан сүйінші сұрайтындай жәйіміз бар. Ол – «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен «Фолиант» баспасынан шыққан 100 томдық кітапқа 100 өлеңінің енуі, ол – Жезқазған қаласының «Асар» баспасынан 100 тираждық таралыммен «Жүректегі жазулар» кітабының жарық көруі. Бұл еңбектердің ақын атын ғасырдан ғасырға жеткізетін өлмес мұра, өшпес із екендігі ақиқат.

Театр актерлерінің режиссер Теміржан Әбдірәлім дайындаған қойылыммен ашылған кеш Нұрәсила ақынның «Көп болды қалам ұстамай» өлеңімен бастау алып, өмір, балалық, көктем жайлы көл-көсір жырларымен жалғасты. «Апа, осы сіз қолыңызға қалам алып отыра қалсаңыз өткен күндер, өткен өмір жайлы жаза бастайсыз. Осындай өлеңдеріңіздің өзі бір кітапқа жүк боларлықтай. Сонда өмір дегеніміз не? Түбіне жете алдыңыз ба?» деген қызының сұрағына мүгедектер арбасында аппақ шағаладай болып, асқақ отырған ақын Нұрәсиланың: «Маған өмір қайтпас сапардың алдындағы аз ғана күн сауық-сайран, өмірде болғандығымды дәлелдеуге айғақтар қалдыру үшін берілген мүмкіндік сияқты болып көрінеді. Сондықтан, өмірдің мәні ішіп-жегенің мен құрған сайраныңда емес, кейінгіге үлгі боларлық өміршең ойларыңда», – деп жауап беруі, ешкімді бей-жай қалдырмайтын сырлы диалогтар көрерменді ой бесігінде тербегендей болды.

Нұрәсила Бәрменбаеваның:

Көп болды қалам ұстамай,

Тұнжырап ойға батқалы.

Өлеңмен жанды қыстамай,

Жабылды жырдың қақпағы.

Оған да себеп баршылық,

Жазғаным жарық көрмейді.

Сонан ба шабыт жаншылып,

Шымырлап жүрек кернейді, – дегенінен тірлігінде қадірі білінбей, анық бағасын ала алмай кеткен ақын жанының шерін аңғардық. Өмір жайлы жазғандарында бірде мұңын, бірде сырын ақтарып, түйгенін түйдегімен тастайтын тұстары да анық байқалады. Жалғыздықтан жалыққанда серігі өлең, сезімі ән болып төгіліп:

– Жалғызбын деп жапа шегем

не үшін,

Алғысымды айтпай мына елге шын.

«Ақын апа» атаған бұл халқыма,

Өлең-жырдың ұсынайын жемісін, –деп жырлайды қиналған сәтін ұмытып, ақжарма жүректен ақ батасын жаудырып. Осы кеште ақын өлеңдерін мектеп оқушыларының да жатқа оқығанын көріп, көңілдегі күдік сейіліп, серпіліп қалдық. Келер ұрпақтың да ақын кітабын басына жастап жатып, жырларынан рух алатындығына қуандық. Дәуірлерді алға сүйрейтін ақша емес, қоғамның зердесі екендігін ұғынсақ, осындай рухани дүниелерге мән беруге міндеттіміз. Көбіне кітап оқуға, театрға баруға ерініп, қолымыз тимейдіні сылтауратамыз. Осының нақты жауабын ол өз өлеңіне былай деп береді.

– Кімді көрсең айтары:

«Қол тимеді»,

«Қол тимеді» дегеннен жол тимеді.

Қарбаласы қаланың қаратпай ма

Мойын бұрып жегжатың

серпілмейді.

Жоқ, ағайын, барлығы

барлықтан-ау,

Көбің бүгін ұмыттың тарлықты анау.

«Барлық» деген байлықтан

бас айналып,

Қол тимейтін ауруға шалдыққан-ау!

Көңіл пернесін дөп басқан осындай жырларға бас шұлғымасқа шара жоқ. Ақынның еңбекпен тапқан адал еншісі ол – өлең. Кеште ақынның әні мен сөзіне жазылған «Өз елім», «Жалғыздық қиын» әндері жүректерге жол тартты.

Ақын апамыздың соңынан өкшелеп жүріп өнегесін алған, тамаша отырыстарда табақтас болып, кеңесін тыңдаған, киесін жұқтырған Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, тоқсанның төріндегі қазыналы қариямыз Аппаз Қаражігіт, ақын Көбейсін Еңсебаев, апай өмірінің соңғы жылдарында рухани серігі болған Ғазиз Ештанаевтың көмейінен шыққан көрікті ойларға да кезек берілді. Бұл жерде осы кештің өтуіне тікелей атсалысып, сценарийін жазып, өзі жүргізген, мұрағаттағы дүниелерді ақтарып, шаң басқызбай жарыққа шығартқан ақын Бағдат Байжантайға жеке алғыс айтқанымыз абзал болар.

Ұлттық рух мәдениеті дамыған қоғамда ғана жоғары тұрмақ. Ұлт рухын ұлықтап, қазақ поэзиясын қанаттандырған, жүректерге жыр, көңілдерге нұр құйған ақын кеші Нұрәсила Бәрменбаеваның сөзіне жазылған Жақсыкелді Сейіловтің Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Береке Көшеновтің орындауындағы «Жезқазған маршы» әнімен аяқталды.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.