Төтенше жағдайлардың алдын алу

Қарағанды облысы әкімінің нұсқауына сәйкес, наурыздың 12-13 күні аралығында Сәтбаев қаласында «Су тасқыны кезіндегі төтенше жағдайларды жою іс-қимылдарына басқару органдарын, күш-құралдарын даярлау» тақырыбында «Көктем-2015» штабтық оқу-жаттығу жұмыстары өкізілді.

Ондағы мақсат – тұрғындардың төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қабілеттілігін және даярлығын арттыру, елді мекендер, нысандардағы су басу жағдайларынан қорғану жұмыстарын жетілдіру. Алдымен қала әкімдігінде бас қосқан төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі қалалық комиссия құрамы комиссия төрағасы Серік Имамбайдың алдында есеп берді. Электр желісі кәсіпорнының техникалық директоры Хайрулла Игібаев, «Тазалық» ЖШС заңгері Сырым Рақышев, қалалық емхананың жедел жәрдем бөлімшесінің меңгерушісі Нұрлан Мұханбединов және т.б. дайындық барысы турасында баяндады. Төтенше жағдайдың алдын алу, салдарын жоюға құрылған авариялық-құтқару қызметтері мен құрлымдарының даярлығы, құрамы, талаптарға сәйкестігі, материалдық-техникалық ресурстар, резервтегі энергожабдықтау көзінің жағдайына баса назар аударылды. Сонымен қатар, қарды тазарту техникалары мен су сорғыш машиналар даярлығының байқауы ұйымдастырылды.

– Оқу-жаттығу жұмыстарына 51 инженерлік техникаға қоса 185 адам жұмылдырылды. Енді осы техникалар мен жеке құрамдардың дайындығын тексерудеміз. Сапасы мен жарамдылығын анықтап, дайындық жоспарымен таныстық. Нәтижесі жаман емес, – дейді қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Е.Байғазиев.

Сонымен қатар, бұл күні байланыс жүйелерінің әзірлігі, жедел қызмет, мониторинг жүргізу, азық-түлік пен медициналық резерв қорын ұйымдастыру жұмыстары тексерілді. Қала маңындағы қауіпті жерлер назардан тыс қалған жоқ. Әр кәсіпорынның қауіпсіздік төлқұжаты, іс-қимыл жоспарына мән берілді. Алдағы уақытта да осы тектес дайындық жұмыстары жалғаспақ. Өткелдерді нығайту, қалпына келтіру үшін қиыршық тастар мен құбырлар дайындау, темір жолдар мен көпірлерді тазалау, аса маңызды нысандар мен жауапты тұтынушыларды энергиямен үздіксіз қамтамасыз ету, ауылшаруашылығы үшін жем-шөптің қажетті қорын құру жұмыстары үздіксіз жүргізілмек. Саптық, тактикалық сабақтар мен штабтық машықтандырулар, бөлімшелердің дайындық байқаулары да жалғасын таппақ.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.