Кәсіпкерлер үн қосты

Өткен жұмада Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаттары ауылшаруашылығын дамытуға үлесін қосқан бір топ кәсіпкерлермен кездесті.

Жезқазған кенті әкімдігі ғимаратында өткен басқосуда Жолдауды ерте жариялау себебі түсіндіріліп, қабылдаған уақтылы шешім Елбасының көреген көшбасшылығының айқын дәлелі екендігі атап айтылды. Күрделі кезеңнен ел экономикасын әлсіретпей алып шығудың қажетті тетіктері қарастырылған Жолдаудың жеті бағытын тілге тиек еткен депутаттар, туындаған міндеттер мен жауапкершіліктерді тарқатып түсіндіріп берді.

Сөз алған жекеменшік шаруа қожалығының иесі С.Нұржанов:

– Ауыл шаруашылығының дамуына өте жайлы аймақтың бірі – біздің өңір. Мемлекеттік бағдарламалар аясында шағын кәсіпкерлікті дамыту оң жолға қойылуда. Шаруа қожалықтары үкімет бөлген қажетті демеу-қаржыларды уақтылы рәсімдеп, кәсіп аясын кеңейтуге мүмкіндік алып жатыр, – деді.

Жиын барысында сөз сөйлеген кәсіпкерлер Қ.Әділбеков, М.Үкібаев Жолдаудың тарихи ерекшелігіне, көліктік, энергетикалық және әлеуметтік инфрақұрылымдарға, орта және шағын бизнеске мән берілуінің маңыздылығына тоқталды. Елбасының қолдауымен жүзеге асқан «Өз өнімдерімізді қолдаймыз!» бағдарламасының шарапатын көрген кәсіпкерлер ретінде Елбасы саясатын толықтай қуаттайтындықтарын жеткізді. Елбасы Жолдауынан туындайтын мәселелерді жүзеге асыруда белсенді болуға үндеп, ел игілігі үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.