«Құқықтық тәртіп»

Наурыз мейрамы қарсаңында қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету мақсатында республика аумағында наурыздың 17 мен 19 аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.

Аталмыш шара аясында Сәтбаев қаласында жүргізіліп жатқан жұмыстар турасында әкімшілік полиция бөлімшесі бастығының орынбасары, полиция капитаны Жалғас Жүнісов мәлім етті. Айтуынша, іс шара басталғаннан бері құқық қорғаушылар бірқатар қылмыстар мен заң бұзушылықтардың бетін ашып үлгерген.

«Құқықтық тәртіп» шұғыл алдын-алу шарасын өткізудегі басты мақсат – қылмыспен күресті күшейту, құқықбұзушылықтардың алдын алу және жою, сондай-ақ, қоғам қауіпсіздігі мен тәртіпті қамтамасыз ету.

– Құқық бұзушылық құқықтық нормалар қорғайтын мүддеге нұқсан келтіріп қоғамның, жеке адамның мүддесіне зиянын тигізеді, белгіленген құқықтық тәртіпті бұзады. Құқықтық нормалардың талаптарын орындамау нәтижесінде тәртіп бұзылады, қоғамдық қатынастарға кесел келеді, белгілі бір игілік, құнды зат жоғалады, адамның өміріне, денсаулығына, рухани сезіміне зиян тиеді, – дейді Ж.Жүнісов.

«Құқықтық тәртіп» шұғыл алдын-алу шарасы барысында Ішкі істер департаменті, шетелдік азаматтардың топтасып өмір сүретін жерлерін және ұрланған көліктерді іздеп табу үшін жекеменшік гараж аумақтарын тексеруде. Аталмыш іс-шара барысында ішкі істер органдарында профилактикалық есепте тұрған азаматтар және сақтауда ату құралдары бар тұлғалар тексеріске алынып, ату құралдары мен жарылғыш заттарды заңсыз сақтау, қала аумағына есірткі заттарын заңсыз әкелу фактілерін анықтауға және олардың жолын кесуге жіті назар аударылуда. «Құқықтық тәртіп» шұғыл алдын-алу шарасын өткізу кезінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қадағалау мақсатында каменданттық күзет жүргізілетін болады.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.