Ұлттық қолөнер заманға сай жаңғыруда

20150319-04-01Халқымыз қолөнерді ертеден қастерлеп бағалай білген. Атадан балаға ұласып келе жатқан қолөнер бір кездері тоқырауға түсті. Жаңа ғасырда жас мемлекет өткен тарихына көз жүгіртіп, ата жолын қайта жаңғыртты. Сол сәтте ұлтымыздың да қолөнері, шеберлердің еңбегі жарқырап қайта түледі. Ұлытау өңірі әлімсақтан бері қолөнершілердің, шеберлердің орталығы болып саналады.

Бүгін мақалада сөз еткелі отырған Жанат Бәрменшіқызы Бектұрова – атадан, әкеден дарыған қолөнерге деген ынтасын жетілдіріп, барынша қастерлеп келе жатқан жандардың бірі. Оның атасы – Ұлытаудың тумасы Сағымбек өз заманында әйгілі етікші болса, әкесі Бәрменші Дәрібаев аймаққа аты мәлім құрылысшы.

– Менің қыз кезімнен-ақ қолөнерге деген ынтам жоғары болды. Үшінші сыныпта өнердің осы бір түріне ынтам ауды. Балалық қой, әжемнің тығып қойған маталарын, кейде қамзолына салынған әдемі өрнектерді қиып алып, қуыршағыма киім тігетінмін. Әлі есімде, «Қазақстан әйелдері», «Работница» деген журналдарды дүңгіршектерден сатып алып, сондағы қолөнер жайындағы мағлұматтарды оқып, көрсетілген әдістер бойынша үйренетінмін. Кейін 7-ші сынып оқығанда жаға-жеңін ерекшелеп өзіме фартук тіктім.

Сөйтіп, менің қолөнерге деген ептілігімді байқаған ата-анам риза болды. Алайда, мектепті бітірген жылы «Алматыға барып, сәулетші боламын» дегенде әкем «үйдің үлкенісің, осы Жезқазғанның педагогикалық институтында көркембейнелеу факультеті бар, соған тапсыр, бағың жанса түсіп кетерсің» деген соң сонда құжат өткізіп, студент атандым. Менің нағыз шығармашылық шағым осы кезде шыңдала түсті. Факультеттегі Бейбіт Майлин, кураторымыз Жұртшыбай Қожықов сынды майталман мамандардан дәріс алдым. Оқуды аяқтар жылы біз топтағы 15 бала бірауыздан ұлттық қолөнерден дипломдық жұмыс қорғаймыз деп шештік.

Сөйтіп, киіз үйдің жабдықтарын әрқайсымыз бөліп алдық. Мен шымылдықтары мен төсек орындарын оюлап, кестелеп тіктім. Сол жылдары еліміз егемендігін алып жатқан кезең болатын. Біздің бұл дипломдық жұмысымыз өте жоғары бағаланып, институт тарихында толық киіз үйді әспеттеген тұңғыш топ болдық. Институтты тәмамдаған соң мәдени-ағарту училищесінде, одан кейін №4 Абай атындағы мектеп-лицейде 13 жыл ұстаздық еттім. Мектепте жүргенде әуелі қалалық, кейін облыстық көрмелерге қатыстым. Облыстық көрмеден бас жүлде алған кезім де болды. Еңбек пәні сабағында оқушыларымды қолөнерге бейімдеп отырдым. Өзім қол босағанда құрақ құрап, көрпелерді оюлап, сырмақ сырып, басқұр басып, кілем тоқумен, бір жылдары тіпті былғарыны да икемге келтіріп, моншақ тоқумен де айналыстым. Міне, 3 жылдан аса уақыт осы Оқушылар сарайында «Қолөнер» үйірмесінде білгенімді, көргенімді келешек буынға үйретіп жүрмін.

Жаңа дәуірде тың технологиялар қолөнерге де ене бастады. Сол жаңа үлгідегі туындылардың жасалу жолдарын меңгере отырып, қазақтың ұлттық өнерін заманға сай етіп көрсетуге жас мамандармен қатар біз де ынталанамыз, – дейді ісмер Жанат Бәрменшіқызы.

Наурыз мерекесінде Оқушылар сарайының тіккен киіз үйі екі жыл бойына «Ұлттық айшық» атағын алуында осы Жанат қатарлас шеберлердің еңбегі жатыр.

Бүгінде жолдасы Сырым екеуі 5 қыз тәрбиелеп, өсіріп отырған Жанаттың жолын қызы Гауһар жалғастырып, Қарағандыдағы сән колледжінде интерьер дизайнері мамандығын игеруде.

– Бүгінде қолөнерді өз деңгейінде насихаттап, оның әрі қарай дамуына үлесіміз тиіп жатса нұр үстіне нұр емес пе? Елімізде қаншама жас ісмерлер, шеберлер тәрбиеленуде. Солар ұлттық өнеріміздің туын жоғары ұстаса қолөнер де заманға сай жандана береді, – деп әңгімесін түйіндеді мақала кейіпкері.

Ұлтымыздың барлық болмыс-бітімі, өнері, әдет-ғұрпы бұл – тұтас тарих. Оны зерттеп-зерделеп, келер ұрпаққа аманаттау арқылы қаймағын бұзбай жеткізе алсақ, бабалар ісінің жанданып, жаңғырғаны болмақ.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.