«Өнерім – бақытым»

20150319-06-01ХXV мәрте жалауын көтерген «Ұлытау үні» фестивалінің аясында айрықша өткен кештердің бірі жезқазғандық ақын Аманжол Омаровтың «Өнерім – бақытым» атты жыр кеші десек еш артығы жоқ. Неге? Өйткені, бұл кеш ұрпақтар жалғастығының үлгісін танытты.

Ұлытау-Жезқазған өңірі – ежелден-ақ қасиетті өнердің ордасы. Әйгілі Кетбұқа сияқты сөз ділмары, Қойлыбай мен Балақай бақсы сияқты даңқты қобызшылары, Қожабай, Тайжан, Болман, Иманжан, Ыбыраһым, Нияз, Нұрғали сияқты сөз маржанын терген ақындары бар өлкенің тағы бір ел жадынан есімі өшпейтін мақтанышы – Омар Қунақұлы. Ол шешендігімен, ақындығымен, тапқырлығымен, тіпті, балуандығымен де көзге түскен айтулы тұлға.

Омар ақын – аймаққа аты мәлім болған Қунақ бидің баласы. Әлі күнге шейін сақталып қалған «Қунақтың ақ сайы» деген жер атауының болуы Қунақ бидің кезінде атағы мен даңқы кең тарағандығын аңғартса керек. Міне, осындай тектінің тұқымы Омар 12-13 жас шамасында қатты ауырып, ұйықтап жатып, түсінде бір қолында көген, бір қолында домбырасы бар өңі сұсты қарияны көреді. Әлгі қария: «Балам, мына көгенмен Жанкісі бай атандым, мына домбырамен Жанкісі шешен атандым. Қайсысын қалайсың?» дейді. Сонда бала Омар: «Домбыраны қалаймын» деп оянған екен. Ал, Жанкісі би Омардың арғы аталары болып келеді.

Осы оқиғаны кейін Омар ақын:

– Өнердің арқасында құдай берген,

Қосылып әз Кененмен ән де салғам.

Атаның әруағы қалау берген,

Мен сонда көген алмай, өлең алғам, – деп жырлаған екен.

Аруақты бабасынан көген емес, өлең алған Омардың атағы кейін Арқа, Сыр, еліміздің басқа да өңірлеріне кеңінен танымал болған. Ол атақты Жамбыл ақынмен де жүздесіп, батасын алған, Кенен, Шашубай тәрізді шашасына шаң жұқтырмаған жүйріктермен қатар жүріп, өнер жарыстырған.

Әрине, өмір Омар ақынды әрқашан еркелете бермеген. Оның жан жары Ажар мен төрт баласы оба дертінен бір мезгілде қайтыс болады. Омардың осы қайғысын есіткен Шашубай, Тайжан сынды ақындар оның жарасын жырмен көңілқос айтып жазуға, жеңілдетуге ұмтылады.

– Өлмейтін пенде болған ба?

Болаттай бол болғанға.

Қауышуға жазсын солармен,

Қиямет күн болғанда, – деп, Балқаш жағынан Шашубай ақын көңіл айта келсе, ал, Тайжан ақын:

– Ата-анаң қайда, Омаржан?

Өмірге сені әкелген.

Тумақ бар да өлмек бар,

Аса алмайсың мәтелден, – деген жырымен жұбату айтады. Осы қайғылы күндері Омар ақын «Ажарым» деген ащы запыранға толы ән шығарады. Бұл ән бүгінге дейін жеткен. Өкініштісі сол, оны сол өз мәнер, нақышына салып айта қоятын әнші әзірге табыла қоймаған сыңайлы.Бәлкім, алдағы уақытта Омардың бұл әнін де, басқа да әндерін көпшілікке қайта ұсынатындай әнші де табылып қалар. Соған үміттенейік.

Аяулы жары Ажардан, Абай, Айдар есімді екі ұлы мен Айгүл, Маржан есімді екі қызынан айрылған Омар ақын тіршілікке қайта мойын бұрып, жаңадан отбасын құрады. Ләззат Құдабайқызымен тағдыр түйістіріп, екеуі 42 жыл бірге ғұмыр кешеді. Ләззат анамыз 13 құрсақ көтеріп, оның 7-еуі жастай о дүниелік болады. Алты баланы аялап өсіреді. Омар ақынның 3 ұлы мен 3 қызы да ақындық өнерден алыс емес еді. Алтауында да ақындықтың ұшқыны жоқ емес. Ал, солардың арасында өлеңді өмірінің ажырамас серігіне балағаны – Аманжол Омаров. Ол биыл 70 жасқа толды. Жақында Алматы қаласындағы «Мерей» баспасынан ақын ағамыздың «Жанымдағы жазулар» атты жыр жинағы жарық көрді.

Мектеп бітіргеннен кейін Қарқаралы зооветтехникумын, одан кейін Жезқазған қаласындағы құрылыс техникумын, содан соң Алматы ауыл шаруашылығы институтын тәмәмдаған А.Омаров көптеген жылдар бойы ауыл шаруашылығы, құрылыс саласында еселі еңбек етті. Сол еңбегіне лайық әртүрлі марапаттамаларға да ие болды. Бірақ, қайда жүрсе де қолынан қаламын тастамады. Тастай да алмайтын еді. Өйткені, табиғатынан ақындық дарыған ол үшін өлең өмірдің өзіндей еді. Айналасында болып жатқан құбылыстар, өмірге деген көзқарас көңілінен өлең болып өріліп, ақ қағаздың бетіне түсіп жататын. Сол көптеген жылдардың жемісі ақырында халқына «Жанымдағы жазулар» болып жол тартты.

Кеш барысында С.Қожамқұлов атындағы театрдың артистері де, мектеп оқушылары да Аужекеңнің өлеңдерін нәшіне келтіре оқып, оқырмандардың көңіліне жеткізе білді. Сол сияқты, А.Омаровтың көптеген өлеңдерін жергілікті композиторлар әнге айналдырған. Солардың бірі, Сәтбаев қаласындағы №16 мектептің мұғалімі Құрманғали Тәшетов өзі шығарған «Алғабас» әнін сахна төрінен гитара әуенімен төгілте жөнелгенде, ал оған залға жиналған көпшіліктің қосыла кеткенін көргенде, әннің мәтіні де, әуені де көптің көңіліне әлдеқашан қонақтап үлгергенін түсіндік. Аманжол Омаровтың сөзіне жазылған тағы бір ән «Жезқазғаным» деп аталады екен. Кеш барысында осы әнді оның авторы Жарылғасын Әбішевтің немересі, «Жырлайды жүрек» атты республикалық М.Мақатаев атындағы байқаудың лауреаты Назерке Жарылқасынова әдемі де әсерлі орындай білді. Ақынның жыр кешіне әннен шашу шашқан Ғалым Мұхамедин, Гүлдәурен Жидебаева, Айхан Мұсабековтердің өнерлеріне де көпшілік ризашылықпен қол соғып отырды.

Қалың қауымның ақынға деген құттықтау лебізін жеткізуге Жезқазған қаласы мен Ұлытау ауданының басшылығының өкілдері сахнаға көтерілді. Олар жүрекжарды лебізідеріне қоса, тиісті сый-сияпаттарын да ұсынып жатты. Қазақстан Жазушылар одағының құттықтау хатын одақтың Жезқазған бөлімшесінің директоры, ақын Батырбек Мырзабеков табыстады. Бәрі де жарасымды, бәрі де орынды.

Ақын Омар Қунақұлының туғанына 125 жыл толуына және ақын Аманжол Омаровтың «Жанымдағы жазулар» кітабының жарық көруіне арналған «Өлеңім – бақытым» атты жыр кешін, сол кешті жүргізуші ақын Ғазиз Ештанаев тап басып тауып айтқандай, «Қунақ бидің шөбересі, Омар ақынның немересі, Аманжол ақынның бауыры, республикалық, халықаралық айтыстардың жүлдегері, дүниеге ақын көзімен де, әкім көзімен де қарай алатын қабылетті ел азаматы» Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Серікбайұлы Омар түйіндеді.

«Пейілім дархан даламнан жеткен қаныма,

Қанағат еттім Тәңірдің берген бағына.

Ашуды дұшпан, жеңдіріп ақыл досыма,

Сабама түсем, тәубама келіп тағы да» – деген өмірлік ұстанымын өлеңімен жеткізген Аманжол Омаровтың жыр кеші сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, текті тамырды тот баспайтындығын, аруақтың жоғалып кетпейтіндігін айқындаған әдемі кеш болып өтті. Шынында да, Аманжол ақынның өлеңді бақыты санайтындығы тегін емес-ау…

Абдолла ДАСТАНОВ.

Комментарии закрыты.