Майдангер кенші

Аспан астын, жер үстін дүлей дүбірге салған Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерейлі тойын ол көре алмады. 19 жасында  «Отанды қорғау ‑ парызым» деп қару асынып майдан шебіне кіргендердің қатарында жерлесіміз  Алмат Бисариев та бар еді.

Сынаққа толы  өмір атты өтпелі бекетте  оның көрген қиыншылығы аз емес. Ұлытауда кіндік қаны тамып, зобалаң замандарда оңтүстікке қоныс аударған Байсары әулетінің қара домалағы Сыр бойында ер жетіп, есейеді. «Жалынды жастық шағымда білімге ұмтылсам» деген жігіттің бар арманын сұм соғыс күл талқан етті. Елдің шетін жау шапқанда «мен де Отан үшін майдан даласына барып, Жеңістің таңын орнатуға үлес қосайын» деп, 1942 жылы соғысқа аттанады.

Бозбала  Алмат сол кезде Ақтөбеде жасақталған 110-шы атқыштар полкінің мергендер тобына қосылып, Сталинградты азат етуге үлес қосады. Бұл А.Бисариевтың  алғашқы жорығы еді.  Ұлытаулық ұлан Еділ бойындағы, Украина, Белоруссия, Батыс Еуропа жерлеріндегі қанды қырғындарда елді азат ету шайқастарына белсене атсалысады. Праганы жаудан азат ету жорығында аяғынан ауыр жарақат алып, госпитальда ұзақ емделіп, 1945 жылы елге оралады.

Майдан шебінде жүргенде көрсеткен ерліктері үшін «Ерлігі үшін», «Праганы азат еткені үшін» медальдарымен марапатталады.

Елге оралған соң бейбіт өмірдегі еңбекке араласып,  Жамбыл облысындағы Шу ауданының «Бірлік» елді мекенінде мектеп басшылығында қызмет жасайды. Осы жерде Мәриям есімді арумен отбасын құрып, балалы-шағалы болады. Мәриям әжей бүгінде  кеншілер әулетінің батагөй қариясы.  Тоғыз бала тәрбиелеп өсірген  Батыр ана ұрпағының амандығын тілеп, аталарының ерлігін соларға дәріптеп отыр.

Алмат Байсарыұлы үнемі туған жерге оралуды ойлайтын. «Ата-бабамның жері – Ұлытаудың  баурайына барып, балаларымды  осы қасиетті мекенде өндіріп-өсірсек» деп елге келеді.

Келген бетте Оңтүстік  Жезқазған кенішіндегі №45  шахтада  кен көтеру учаскесінде  дозаторшы болып еңбек етті. Жастайынан шыңдалған майдангер жігіт  кеніштің ауыр жұмыстарына бірден  төселіп кетті. Кеніштерге жаңа келген техникалардың тілін тауып, мамандығына адал болды. Сол адалдығы болар, ол басшылық назарына ілікті.

Кен көтерушілер бригадасы жетекшісінің еңбегі сөйтіп «Құрмет белгісі» орденіне лайық деп танылды.

Оның көзін көрген замандастары «Алмат Бисариевтың еңбекқорлығы  өз қатарластарын таңқалдыратын. Тіпті өзі машықтанған іске балаларын да баулып өсірді. Кеншілер әулетінде атаның жолын бүгінде немерелері жалғастыруда. Ата ізін жалғаған сол ұрпақ Алматтың жемісті еңбегінің қадірін арттыра бермек» деп еске алады.

Он тоғыз жасында  бораған оқтың, лаулаған оттың арасында жастық шағын қалдырған Алмат  Байсарыұлы небары 56 жас ғұмыр кешті.

Бүгінде мәуелі бәйтерекке айналған Алмат ақсақалдың әулеті оның ерлік істерін, қоғамға сіңірген еңбектерін үлгі тұтып, ұрпақтары аңыз етіп айтып жүр.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.