Пікірталас алаңында — Сирия мәселесі

Бүгінде сананы шырмап, сарсаңға салған бөтен пиғылды дәстүрлі емес діннің шылауында жүрген қазақ жастары бағыт-бағдары белгісіз «джиһад» деген ұранмен шекара асып, отбасын ойран етіп жатқаны жасырын емес. Ата-ана берген тәрбиені, ұстаз дарытқан білім нәрін бір күнде жат ағымның шым-шытырық  уағызына айырбастаған жастардың болашағы не болмақ? Қайтсе бұл жағдайдан құтылмақ керек деген сан түрлі сауал  қазақ қоғамындағы әрбір азаматтың санасына ой салуы керек-ақ.

Шекара асып, дін жолында шейт боламыз деп жас ғұмырын түсініксіз істермен байланыстырған жастар біздің аймақтан да шығып жатыр.

Өткен аптада осы түйткілді мәселеге байланысты қалалық әкімдікте діни сенім сұрақтары жөніндегі орталықтың ұйымдастыруымен «Шариғат пен жамағат» пікірталас алаңында «Сириядағы соғыс сүннет пе? Себебі не? Салдары қандай?» деген тақырыпта жиын өтті.

Қоғамды алаңдаушылыққа салған тақырыпты талқылауға қала әкімінің орынбасары Серік Имамбай, ҚМДБ  Жезқазған аймағының өкіл имамы Мадияр Смағұлов, Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің бас имамы Қондыбай қажы Ақпаров, Дін істер агенттігінің теологы Ерлан Досмағанбетов, қала прокуроры Серік Назарбеков және бір топ жамағат қатысып, Сириядағы соғыстың салдары мен себебін талқылады.

Пікірталас басталардан бұрын  жиынға өзек болған тақырып жайында бейнефильм ұсынылды.

«Сириядағы соғыстың ешбір мәні де, маңызы да жоқ. Ол жақта түптен келгенде «джиһаттың» ешқандай да көрінісі байқалмайды.  Ел басшысының, дін басшысының тарапынан рұқсат етілмегендіктен, адасушылыққа салынып көзсіз батырлық жасаудың ешқандай   қажеті жоқ», – деді дін мамандары.

– Сирияға аттанып жатқан кісілердің көбісі психологиялық өзгеріске ұшырайды. Олар өздерін өздері толық танып, білмеген адамдар.  Қолын ыстық суға салып отыр ма, суық суға салып отыр ма, оларға еш айырмашылығы жоқ. Көп жерде айтып жүрмін, дінге жаңа келген жастардың көбісі өлім туралы уағызды көп тыңдайды.  Осының салдарынан адамның ойлау жүйесі, өмірге деген қызығушылығы  жоғалып, ата-анаға, бауырға  деген мейірім-шапағаты азаяды. Содан барып ақыры адам баласы өледі екен, неге намазға жығылмасқа деп ой түйеді. Иә, өлімнің бары хақ. Алайда, бізге неге Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) күлгені, әйелін еркелеткені, әйелінің Пайғамбарға еркелегені жайлы хадистерді оқымасқа? Жастарды тура жолға насихаттауда  отбасылық құндылықтарды, ата-ананың, ата мен әженің тәрбиесін басты негізге алсақ, жастарымыз тура жолдан кетпес еді, – деген қаланың бас имамы Қондыбай қажы Серікбайұлы отбасында бала тәрбиесіне аса мұқият болуды тапсырды.

Жиын соңында орталық басшысы Замзагүл Қиянова өзекті тақырыпқа ой қосуға келген қонақтарға алғысын айтып, өсіріп, баққан ұл-қыздың тәрбиесіне, жүріс-тұрысына қатаң бақылау жасауды ескертті.

Біз, қазақ халқы, қашаннан Ислам дініндегі бейбітшіліктің татулықтың, достықтың туын ұстап келген елміз. Сол тұғырымыздан таймай, бейбіт өміріміздің мәнін, маңызын кейінгі буын түсініп, бағалай білсе деген тілек бар.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.