НАУРЫЗ – Думан Тамаша

20150327-02-1Наурыз – жаңа күн, Наурыз – жыл басы. Жақсылық пен жылылығын ала келген Наурыз той-думаны Сәтбаев қаласына өзгеше леппен жетіп, айшықты сән-салтанатымен ерекшеленді.

Көктемнің көл-көсір мерекесінде орталық алаңға беттеген «Наурыз» шеруін ырыс-береке мен ынтымақ-бірліктің хабаршысы – ақбоз атты Қызыр баба мен оның нөкерлері бастады. Қаланың дамуы мен елдің әл-ауқатын арттыруда, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына айрықша үлес қосқан қала әкімдігі мен мәслихат ұжымы, Құрметті азаматтар мен депутаттар корпусы шеру сапында сап түзеді. Мұнан соң салтанатты тізбекті мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар қызметкерлері, халықтар достығын ту етуші, ынтымағы келіскен этно-мәдени орталық өкілдері, білім саласының ардагерлері, дәрігерлер мен медицина саласының қызметкерлері жалғастырды.

«Наурыз ізгілік пен бірліктің мерекесі» атты бағдарлама шымылдығы қала әкімі Әнуар Омардың:

– «Тегіміз түркі, түлігіміз жылқы» деп ағаш уықты, киіз туырлықты   Алаш аспанының астында осындай Ұлы мемлекет құрған қазақ даласына келген Әз-Наурыз құтты болсын! Наурызды ұлықтау, тойлау, барлық жақсылықтарды бір-бірімізге тілеу, осы көңіл күйді жыл соңына дейін жүрегімізде сақтау – бабаларымыздың қалған дәстүр! Дәстүрді жалғастырып, мемлекеттік саясат деңгейіне көтерген халқымыз әлемге үлгі болуда. Елбасымыз қымбат құндылықтарды, халықтар достығын, дінаралық татулықты ту етіп ұстауға жетелеуде. Татулық пен жасампаздықтың, бейбітшіліктің мерекесі құтты болсын! – деген ақжарма лебізімен ашылып, «Жезқазғантүстімет»  ӨБ-нің бас директорының міндетін атқарушы Қайрат Шалмағанбетов табиғатты жаңғыртып, жаратылысты өзгеше реңге бөлеген күнге арналған ақ тілегін білдірді.

Мұнан кейін «Ұлыстың Ұлы күні қош келдің!» атты театрландырылған қойылымға кезек берілді. Бүгінгі Қазақстанның алтын қазығы кешегі Жәнібек пен Керей тіккен Қазақ ордасы екендігі паш етіліп, Абылай заманында тағы бір рет таразыға түскен хандық тағдыры көрініс тапты. Қазақ хандығын сақтап қаламын деген Абылай хан арманына ой жүгіртілді.

«Қалт-құлт еткен қарттың да, мына өндірдей жастың да жүрегінің түбінде арман бар. Тілегі түзу елдің түтіні түзу шығады, ұраны асқақ елдің ұрпағы тұлғалы болады. Арман – алыс, мақсат – биік. Мен сендерге бірлік, ынтымақ, татулық деген сый әкелдім. Қазақ қашаннан бейбіт тірлікті аңсаған халық. Кешегі ата-баба мұрасын дұрыс жалғағанда ғана жолың нұрлы, күнің шуақты болады. Алла сол күнді нәсіп етсін!» деген Қызыр баба батасына «Қабыл болсын!» десіп бет сыйпасты қалың қауым.

Ежелгі дәстүрлі мереке Сәтбаев қаласы көркемөнерпаздарының күшімен дайындалған, мәдени мұрамызды, ұлттық және тарихи құндылықтарымызды жария еткен концерттке ұласты.

Мерекенің салтанатты ашылуынан соң қала басшысы Әнуар Омар, қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук,  «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директорының міндетін атқарушы Қайрат Шалмағамбетов пен қаланың Құрметті азаматтары киіз үйлер қалашығындағы  «Нұр Отан» партиясының киіз үйіне бас сұқты.  Мұнда «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мен партияның басымдықтары жайында сыр шертетін ақпараттар қойылған. Бас партияның дастарханындағы  наурызкөжеден дәм татқан қонақтар партияның жергілікті филиал қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып тігілген киіз үйлерде болған қонақтар биылғы жылы елімізде Қой жылы – той жылы екенін анық байқауға болады десті. Мерекеге арналып тігілген 15 киіз үйдің әрқайсының жанында әсем ән шырқалып, би биленіп, көптен көріспегендер амандық-саулық сұрасып жатты.

Білім, денсаулық сақтау мекемелері мен қала кәсіпкерлері мен кәсіпкерлер қауымдастығы, «Тазалық-2020» ЖШС,  «Қазақмыс» корпорациясына қарасты өндіріс ошақтарының да киіз үйлерінде болған меймандар «Үздік киіз үй – 2015» байқауының қорытындысын шығарды. ІІІ орынның жүлдесі «Лайықты еңбек» кәсіподақ ұйымына бұйырса, ІІ орын №25 орта мектепке тиесілі деп танылды. Ал, І орынды «Дәрігерлер ауылы», бас жүлдені №3 орта мектеп иеленді.

Думан мен тамашаға толы Наурыз тойында Қ.И.Сәтбаев  даңғылына жиналған көпшілік аттармен серуендесе, жастар жағы  алтыбақан аясында ойнап-күліп, шат-шадыман шаттыққа кенелді. «Қызық-тамаша» алаңында  пленэр-суретшілер Наурыздағы қуаныштарын далада отырып, көркем бейнеге айналдырса, мерекені тамашалауға келген қала тұрғындары мен қонақтары «Наурыз фантазиясы»  тақырыбында сурет салды. Бұл байқауларда да үздіктері марапатталып, сый-сияпат тапсырылды.

Ұлттық спорт түрі – қазақ күресінен өткен аймақтық турнир мерекенің шырайын аша түсті. Ұлытау, Жаңаарқа төңірегінен боз кілемде қарсыласын алып ұратын палуандар  белдескен бұл сайыста. «Түйе палуан» атағы мен 150 мың теңгені  Нұрлан Бөкен жеңіп алды. Кір тасын көтеруден өткен сайыста да мықтылар дараланып, марапатталды.

Мерекені тамашалауға келген қала тұрғындарына арналып наурызкөже, бауырсақ пен ыстық палау ұсынылды. Сонымен қатар, киіз үйлерде соғыс және тыл ардагерлеріне, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қайырымдылық дастарханы жайылды.

Сөйтіп, қазақ жеріне ырысы мен байлығын ала келген Әз-Наурызды кенді қаланың халқы дүбірлете тойлады.

Мерекелік репортажды дайындағандар: Мейрамгүл Алпысбаева.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.