«Еңбек – ер атандырар»

20150403-07-1Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында «Елінің елеулі азаматтары» атты музей жобасының кезекті көрмесі «Еңбек – ер атандырар» деген атаумен өтті.

Жобаға қатысушы ер-азаматтар ‑ өздерінің ерліктерін жүзеге асырып, құрылыста, «Қазақмыс» Корпорациясы саласында, ауылшаруашылық және білім саласында ел экономикасын көтере отырып, рухани құндылықтарды сақтап, елі үшін еңбек ететін өз ісінің шынайы шеберлері. Олардың әрқайсы үлкен өмірлік тәжірибеден өткен майталмандар, кәсіби шеберліктері орасан, ойға алған мақсаттарына жетпей тынбайтын нағыз біртуар азаматтар. Жоба кейіпкерлері – Жезқазған, Сәтбаев қалаларының, Ұлытау ауданының дамуына өз үлестерін аянбай қосқан еңбексүйгіш тұлғалар. Аталмыш азаматтарды көрме жүргізушілері жиналғандарға жан-жақты таныстырды, еселі еңбектерін тілге тиек етті. Көрмеге қатысуға лайықты үміткерлерді музей қызметкерлері алдын-ала зерттеді, баспасөз бетінде жарияланған мақалалардан іздестірді, телебағдарламаларға шолу жасады, мінездемелер жинады, кейіпкерлердің әріптестері мен жетекшілерімен сұхбатасты.

Бұл жоба Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы аясында еңбек адамдарының адал жұмысымен сый-құрметке бөленіп, ел игілігін еселеп арттыру жолында үлгі-өнеге көрсетіп жүрген тұлғаларды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған.

Көрмені ұйымдастыру барысында музей қызметкерлері материалдар, фотосуреттерден тұратын деректер, марапаттау құжаттары, фото-видео мұрағаттарын, кәдесыйлар секілді құнды жәдігерлер жинақтап, әрбір кейіпкердің үйіне, жұмыс орнына барып, фотосессия жүргізді. Жеке құнды құжаттарға, мақтау-марапаттау қағаздарына қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалды, жоба қатысушыларының мұрағаттарындағы ескі, жөндеуді қажет ететін суреттер қалыпқа келтірілді. Экспозициялық материалдар әр кейіпкердің өмір жолын баяндайтын 8 стендте орналасты және арнайы логотиптер, баннерлер бар. Стендтер, қанатты сөздер, өмірлік ұстанымдар, мақал-мәтелдермен толықтырылды.

Көрменің ашылу салтанатына қала жұртшылығы және БАҚ өкілдері, мәдениет қызметкерлері, жоба қаһармандарының туыстары мен жақындары қатысты. Астана қаласында өткен «Жаңа жылдық жұлдыздар» атты сайыстың жеңімпаздары, Жезқазған қаласының музыкалық колледжінің «Шалқыма» би ансамблі «Биші қайыңдар» биін биледі. «Айналайын» балабақшасының тәрбиеленушілері кейіпкерлерге арнап тақпақтарын орындады. Жезқазған музыкалық колледжінің студенті облыстық, қалалық сайыстардың жүлдегері Сламғазы Медеттің орындауында «Қазақстан» әні шырқалды. Шара барысында бейнефильм, қатысушылардың жеке құжаттары мен суреттерінен жасалған слайд-шоулар көрсетілді. «Елінің елеулі азаматтарын» құттықтау үшін сөз Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметі кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің бас маманы Қожабаева Раушан Құрмашқызына берілді.

Ауылшаруа-шылық саласында қызмет атқарған елінің елеулі азаматтарын құттықтау үшін сөз Ұлытау ауданы, Жангелді селолық округінің әкімі Әбжанов Серік Сайлаубекұлы құттықтады. Одан кейін, «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің әлеуметтік-еңбек қатынасы бөлімінің бастығы Тажбенов Тоғызбай Әбсаматұлы сөз алып, жиналғандарды құттықтады. Республикалық «Жас қанат — 2014» байқауының лауреаты, Т.Қалмағанбетов атындағы филармонияның әншісі Руслан Исмаилов «Ұлытау» әнін орындаса, өз кезегінде жас дарынды әнші, бірнеше халықаралық, республикалық, облыстық сайыстардың жеңімпазы Райымбек Арыстанов «Қазақ елі» әнін тамылжыта шырқады. Көрме кейіпкерлерінің әрқайсына өмір жолдарынан сыр шертетін буклет, «Қыран құс» кәдесыйы, көрмеге дайындалған материалдардың электрондық нұсқасы бар диск, лента, көрмеге қатысқанын растайтын сертификат сыйға берілді.

Музей директоры әрі жоба авторы, ұйымдастырушысы – Зинаида Чумакова көрме кейіпкерлеріне сыйлықтарды табыс ете келе, құттықтау сөзін жеткізді. Салтанатты кеш естелікке суретке түсумен және жоба кейіпкерлерінің көрмеге стенд авторларымен бірге экскурсия жасауымен аяқталды.

«Елінің елеулі азаматтары» жобасы әлі де жалғасын таппақ және елеулі азаматтарды елге паш етуге дайын.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.