Тапсырмалар жүктелді

Сейсенбі күні қала әкімдігінде кезекті кеңейтілген аппараттық жиын өтті. Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары А.Кимнің төрағалығымен өткен жиында қаланың тыныс-тіршілігі талқыланып, жаңа тағайындаулар қала активіне таныстырылды.

Қарағанды облысы білім басқармасы басшысының бұйрығымен 2015 жылдың 19 наурыз айынан бастап Сәтбаев қаласындағы индустриалдық колледждің директоры лауазымына Жеңіс Едігеұлы Әлмағамбетов тағайындалды. Әкім орынбасары Жеңіс Едігеұлын қала активіне таныстырып, жұмысына мол табыс тіледі.

Аппаратттық жиында сондай-ақ, А.Ким ауыр атлетика және  пауэрлифтингтен Тараз қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатынан алтын жүлдемен оралған жерлестеріміз ‑ Самат Оразбаев, Азамат Ибраев, Нұрлан Кенішбековты құттықтады. Еліміздің түкпір-түкпірінен 400-ге жуық зілтеміршілер қатысқан жарыста жерлестеріміз өз салмақ дәрежелері бойынша ауыр атлетикадан жүлделі бірінші орындарды еншілеген. Олар сондай-ақ, штанганы жатып алып сығымдап көтеруден де жүлдегер атанған.

Мәдени-сауықтыру спорт орталығының спортшыларына ақжарма тілегін жеткізген А.Ким жүлдегердің әрқайсына диплом, медальдарын табыстап, ұялы телефондарды сыйға тартты.

Қала өміріне қатысты атқарылған еңбектің барысы мен жоспарланған жұмыстардың бүгінгі ахуалы талқыланған аппараттық жиынның күн тәртібінде қалаға жылу беру, бюджет қаржысын игеру, санитарлық тазалық, қаңғыбас ит-мысықтарды аулау сынды мәселелерге ден қойылды. Үстіміздегі жылдың 16 наурыз бен 16 маусым  аралығында өтетін көктемгі үш айлық шеңберінде қаланы және оған жатқан елді-мекендерді қоқыстан тазарту жұмыстарында салғырттыққа жол берілмеу қажеттігіне де  баса көңіл бөлінді.

Атап өтейік, 2015 жылдың 4 сәуір күні санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандырудың көктемгі үш айлығы шеңберінде қаламызда және оған жақын жатқан елді-мекендерде алғашқы жалпықалалық сенбілік өтеді. Бұл бағытта жергілікті тұрғындар, кәсіпкерлік нысандардың қожайындары, мекеме мен кәсіпорын қызметкерлері белсенділік танытып, қаламызды тазалауға біркісідей атсалысуы тиіс, ‑ деп жиынды қорытындылаған А.Ким бірқатар жауапты тұлғаларға бұл бағытта тапсырмалар мен міндеттер жүктеді.

Сәтбаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.