Келер күнге деген сенімі ғана жігерлендіреді

Газетіміздің өткен санында қала тұрғыны, ІІІ топ мүгедегі Бәтима Қазығұлованың «Шырмауға түскен ғұмыр» өлеңі жарық көрген болатын. Бәтима апа бұл өлеңінде І топ мүгедегі Айгерім Рақымжанованың қиын да қилы тағдыры жайында толғаған еді. Жан тебіренткен өлең жолдарында Тәуелсіздік тойында тарту етілген теледидар жарамсыз күйге түсіп, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары алып кеткені айтылған еді. Осы сыннан кейін бөлімнің мамандары жаңа теледидарды Айгерімге сыйға тартып кетіпті.

Арманы айқын, мақсаты биік еді бір кездері Айгерімнің. Аяқ асты жабысқан кесел, сол арман мен мақсаттың жүзеге асуына қолбайлау болды. Сонда да келер күнге деген үміт сәулесін өшірмей келеді. Аядай ғана бір бөлмелі үйдің ішінде тұрып-жүруі мұңға айналған жанды тұрмыстың да тауқіметі қажытып келеді.

Мүгедектігіне алатын 30 мың теңгесі әрі тартса бері жетпейтін, бері тартса әрі жетпейтін жағдайда өмір сүріп отырған Айгерімді күнделікті тұтынатын дәрілерінің бағасының шарықтап бара жатқаны қинайды.

‑ Менің дертімді аз да болса басып, шипасын тигізетін дәрі-дәрмектердің бағасы қалта қағып отыр. Мені өзінің күтіміне алып, ем-домымды уақытылы алуға 10 жылдан бері аянбай еңбек етіп жүрген №5 ОДА-ның бас дәрігері Айткүл Ахметова қолынан келгенше дәрілерді алып беруге тырысады. Алайда, оның да мүмкіндігі кейде келмей қалады. Оның сыртында былтырғы жылдан бастап жертөлеге айына 700-ден, ал биылдан бері 1100 теңге көлемінде ақша төлеп отырмын. Оны не үшін төлеп отырғанымды да білмеймін? Ешкім ештеңе ашып айтпайды, ‑ дейді Айгерім.

Келер күнге деген сенімі, өмір сүруге деген құлшынысы бар Айгерімнің тағы бір мәселесі ‑ күтушінің жағдайы. Оған төлейтін ақша да қымбаттап отырған көрінеді. Жеке көмекшіге арнап кәсіпкер Сергей Карнаевтың иелігіндегі «Қазына қамқор» ЖШС ҚБ-нан төленетін азын-аулақ ақша сол көмекшінің төлемақысын өтеп беруге де жетпейді екен.

Міне, тағдырына талай тосыннан келген қиындықтар жолыққан Айгерім осылай ғұмыр кешуде. Өзі айтпақшы, келер күнге деген сенімі ғана оны жігерлендіріп, бордай езілген көңілін жан-жағындағы қамқор жандар көтеруге тырысып-ақ келеді. Оның бір ғана арманы – өз аяғымен жүріп, қолымен қасық ұстап, шай ішу. Айгерімнің осы арманының жүзеге асуы жолында қамқоршылар табылып жатса нұр үстіне нұр болар еді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.