Жеңісті әнге қосты жас өрендер

20150403-12-3«Балаға мейірімді Оқушылар сарайы» жобасы аясында Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен биыл үшінші мәрте өткен қалалық «Сарыарқа болашағы» атты ән сайысы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналды.

Қала мектептерінің жас таланттары бақ сынайтын бұл байқауға жас ерекшелігіне байланысты үш топ қатысты.

Кіші топтың құрамында 6-9 жас аралығындағы балғындар болса, ортаңғы топта 10-13 жастағы әншілер, жоғарғы топта 14-17 жас аралығындағы сахнаға, әнге бейімі бар жастар өнер көрсетті.

Өнер әлеміне жаңа есімдерді шығарып таныту, Жеңістің оңайлықпен келмегенін жас буынға ұғындыру ниетінде ұйымдастырылған бұл байқауда «Сарбаздар», «Журавли», «Синий платочек», «Катюша» және «Әлия» әндері шырқалды.

Байқау қорытындысы бойынша кіші топтар арасынан бас жүлдені № 16 орта мектептің оқушысы Асемай Арыстанбекова, І орынды № 15 орта мектептің жас әншісі Дарина Чумакова иеленді.

Ортаңғы топтар арасынан бас жүлде және І орынды № 16 орта мектептің оқушылары Ақмоншақ Шахманова мен Аяулым Байболат иеленді.

ІІ орын Ы.Алтынсарин атындағы №19 орта мектептің оқушысы Жасұлан Бөлекбайға бұйырса, байқауға тағайындалған үш үшінші орынды № 25 орта мектептің оқушысы Аружан Рахымберді, «Аймақтық өнер орталығы» «Вокал» үйірмесінің тәрбиеленушісі Аружан Байзрахманова және Екатерина Томашова мен Камила Ағыбаеваның дуэты өзара бөлісті.

Жоғарғы топтардан үздік деп танылған Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің оқушысы Руслан Отыншин ІІ орынды, ал, «Аймақтық өнер орталығы» «Вокал» үйірмесінің әншісі Мадияр Сәруардың шырқаған әні І орынға лайық деп танылды.

Жеңісті әнге қосқан жас өрендердің байқауынан көпшілік рухани байлық алып қайтты.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.