Еркелеші, КӘУСАРЖАН

20150410-06-2Туғалы ауыр кесел жабысқан кішкентай періште сәбилердің бірі – тараздық Маратхан Кәусар Даниярқызы. Небары 2 жас 7 айдағы Кәусардың басындағы ісігі мен ұстамасы жас нәрестенің жанына батуда. Анасы Айнұр Жапарбекованың айтуынша, Кәусар егіздің сыңары.

– Кәусардың сыңары туғаннан соң сегіз сағаттан кейін шетінеп кетті. Бір жарым жасында осы ауыр кесел жабысты. Неден болғаны белгісіз. Екі мәрте ота жасалды. Қазір басындағы ісік азайды. Астанадағы онкология орталығында ем алып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, үшінші отадан кейін баланың жағдайы жақсарады деген үміт бар. Ол ота Ресейдің Новосибирск қаласында жасалады. Тек отаның бір өзі ғана 80 мың АҚШ долларын құрап отыр. Бізден екі донор табылғандықтан, негізгі құнынан арзандау. Ал, егер донор сол елден табылатын болса 135 мың АҚШ долларын төлеу қажет. Әрине, мұндай қаражат біздің қалтамызда жоқ болғандықтан, көптің көмегіне иек артудамыз. Кәусардың ұстамасы жиі қайталанбас үшін берілетін германиялық Кетикал деген дәрінің құны 235 мың теңгені құрайды. Ал, мүгедек балаға берілетін жәрдемақы 45 мың теңге. Ота 20 сәуірге белгіленіп отыр, – дейді ана көзіне жас алып.

Міне, баласы үшін отқа да, суға да түскен Айнұр көзінің қарашығындай балапанын аман алып қалу үшін әр облысқа барып, баланың жағдайын айтып жүр. Құдай деген аға-апалары Айнұрдың өтінішін жерге тастамай, қолдарынан келгенше көмектерін беруде. Қазақ эстрадасында 2011 жылдан бері есімдері танымал, әнші, Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері Жеңіс Ысқақованың шәкірттері – бүгінде жастар арасында беделге ие «Қыран» тобындағы Ақылхан Әуелбеков пен Саламат Бейсбаев кішкентай нәрестенің алдағы өміріне үміт сыйлау үшін әр облыс пен қаланы аралап, қайырымдылық концертін өткізіп келеді.

Қала басшысы Әнуар Омар да бұл қайырымдылық концертіне қолдау білдіргендіктен, өткен жексенбі күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында топтың «Еркелеші» атты ән кеші өтті.

Сан алуан тақырыпта ән шырқаған «Қыран» тобы залдағы жастар мен қарт кісілерді көңілді әндермен билетіп, көңілдендірсе, енді бірде рухани азығы мол әуезді әндермен терең ойға салды.

Қайырымдылық концертте сондай-ақ, «Жебе» тобының бұрынғы әншісі Данияр Жақсылықов пен Нұрсұлтан Байкулов өнер көрсетті.

Үш сағатқа созылған кештің соңында Кәусардың анасы Айнұр сахнаға шығып, сәбиінің тағдырына бей-жай қарамай, қолдауға келген Сәтбаев қаласының жұртшылығы мен қала басшылығына алғысын білдірді.

Жиналған жұртшылық та Кәусардың амандығын тілеп, отаның сәтті өтуіне ниеттестіктерін білдіріп жатты.

Біз де өз тарапымыздан кішкентай ғана құлыншаққа тәуір болып, еркеле, Кәусар дегіміз келеді.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гүлбану Шахманованың айтуынша, кассаға 450 билет түскен. Концертте сатылған 300 билеттен түскен 300 мың теңге Айнұрға тапсырылды.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.