«Аға ұрпақ аманаты – бейбітшілік»

Осындай тақырыпта 23-24 сәуір аралығында кеншілер қаласында жас ақындардың облыстық айтысы өтеді. Елді елең еткізген жыр додасы жайлы қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлешпен әңгімелескен едік.

– Қанат Жәнділдаұлы, аймақта айтыс өтеді екен деп ел іші гу-гу болып жатыр ғой…

– Иә, «Халық айтса, қалт айтпайды». Еш жалғаны жоқ. Биылдан бастап жылда осындай жыр додасын өткізуді қолға алғалы отырмыз. Оған қала әкімі Әнуар Омар мен қаламыздағы ұлттық өнер орталығы мұрындық болып отыр.

– Айтысты өткізуде алға қойған мақсат бар ма. Әлде, алдағы атаулы күндерді арқау ету ғана ма?

– Екеуі де бар. Біріншіден, өздеріңізге мәлім, соңғы бірер жылдан бері қаламызда ұлттық өнер орталығы жұмыс істеп келеді. Осы орталықтың жанында жас ақындар мектебі бар. Оған белгілі ақындар Ғалил Жәнібеков пен Бағдат Байжантаев жетекшілік етеді. Осы мектептің шәкірттерін үлкен додада бір сынап көрсек деген ой.

Екіншіден, жасыратыны жоқ, аймағымызда «Міне, мынау» деп бетке ұстайтын, кешегі жыр жүйріктері – Шынболат, Мұқаш, Әнуар, Света, Ерсін, Бағдаттардың ізін басқан ақындар жоқ. Соларды тәрбиелеу.

Үшіншіден, әр қаланың, ауданның өздері ұстанған, жыл сайын үздіксіз өткізіліп тұратын өнер мерекесі бар. Мысалы, Жезқазған қаласында өтетін «Ұлытау үні» фестивалін ел жылда асыға күтеді. Бізде де, «Саған арнаймын, әсем қалам!» деп аталатын өнер фестивалі жылда жалғасын тауып жатыр. Биыл осы фестиваль аясында жас ақындар айтысын өткізіп тұруды қолға алып отырмыз. Бұл айтыс соның тұсаукесері іспетті.

– «Облыстағы жас ақындар» деп айтып қалдыңыз, сонда нақтылы кімдер келмек? Қанша ақын сахнада сөз сайыстыратын болады?

– Біз он төрт жас ақынды жеті жұп етіп жұптастыруды жоспарлап отырмыз. Атап айтатын болсам, Қарағанды қаласынан Мұхтар Әділов, Ғалым Арғын, Теміртау қаласынан Еркеғали Бекболат, Шахтинск қаласынан Нұрмұхаммед Байсүгіров, Жезқазған қаласынан Алғыс Урманов, Жоламан Мағзұм, Заңғар Тілеулинов, Ұлытау ауданынан Мұқағали Сейтқазинов, Шет ауданынан Ұланғасыр Қамиев, Бұқар жырау ауданынан Доскей Бопай, Жаңаарқа ауданынан Медет Жаманов сынды жас ақындарды шақырып отырмыз. Осылардың қатарында кеншілер қаласының намысын Жұлдыз Елеусізова мен Мұстафа Қалдаров сынды жас берендер қорғайтын болады. Ақындардың бәріне хабар беріліп, оларды күтіп алу жұмыстары жүріп жатыр.

– «Бап шабады ма, бақ шабады ма?» дейді атам қазақ. Ақындардың бабы мен бағын саралайтын қазылар алқасы қалай құрылымдалды? Олардың қатарында кімдер бар?

– Бұл жолы біз ақындарды саралау ісін тек қана айтыскер ақындардың қолына беріп отырмыз. Яғни, қазылар алқасын айтыстың «ас үйін» жақсы білетін, өздері сол жыр додасынан шыққан суырыпсалма ақындардан құрадық. Оның төрағасы филология ғылымының кандидаты, айтыскер ақын Светлана Жумкина. Алқа мүшелері – Ерсін Мұсабеков, Төлеген Жаманов, Жанбол Көпбосынов, және Ғалил Жәнібеков. Айтысты Бағдат Байжантаев жүргізетін болады.

– «Орамал – тон болмайды, жол болады» дегенді де айтып кетіпті атам қазақ. Сол жол болар жоралғылар, яғни, жүлде қоры қандай?

– Осы бір орайлы сәтті пайдалана отырып айта кету ләзім, айтыстың бас демеушісі ақын – Әнуар Омар басқарған Сәтбаев қаласының әкімдігі. Бас жүлде – 200 мың теңге. Бірінші орын – 150 мың, екінші орын – 100 мың, үшінші орын – 50 мың теңге.

Бұл айтыстың тағы бір ерекшелігі, біз Ұлытау-Жезқазған өңірінде туып-өскен белгілі ақындардың да есімдерін жаңғыртуды қолға алып отырмыз. Яғни, ақындарға жеті арнайы жүлде де тағайындалды. Олар – «Қожабай атындағы», «Тайжан атындағы», «Омар Қунақұлы атындағы», «Нұртай Итенбаев атындағы», «Нияз атындағы», «Болман атындағы», «Шынболат Ділдебаев атындағы» номинациялар. Номинанттардың әрқайсына 30 мың теңгеден беріледі.

Мұның сыртында айтысқа белсене қатысқан үш жас ақынға да 20 мың теңге көлемінде сыйлық әзірленіп отыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.