Алғашқы тазалық сенбілігі

20150410-12-3Наурыз айының 16 мен маусымның 16 аралығында Сәтбаев қаласы, жақын орналасқан елді мекендер аумағында санитарлық-тазалау, абаттандыру және көгалдандырудың көктемгі үшайлығы жарияланған болатын. Сәуірдің 4-і күні сәтбаевтықтар жаппай тазалық сенбілігіне шықты. Қаланы қыстан қалған қоқыстан тазартатын алғашқы сенбілік болғандықтан, атқарылған жұмыс барысы ауқымды. Алдын ала белгіленгеніндей, барлық көшелер мен аудандар сол маңда орналасқан мекемелер қарамағына берілді. Қала көшелерін қоқыстан арылтуға мектеп оқушылары, оқу орындары студенттері, «Электр желілері», жеңіл автокөлік кәсіпорындары мен ұйымдар жұмысшылары жұмылдырылды. Саябақтар мен шағын алаңдар назардан тыс қалмады. Қоқыстар тазартылып, тегістеу, жол жиегін сырлау жұмыстары ықтиаттылықпен атқарылды. Әр тұрғынның атсалысуын қажет ететін ортақ іске сәтбаевтықтар біркісідей қатысты.

Бұл күні қала бойынша және жақын маңайдағы елді мекендерде жүргізілген санитарлық-тазалық шарасына барлығы 230 ұжымнан 13000 тарта адам қатысып, 41 бірлік техника жұмылдырылды.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, мұнша күштің көше тазалығына жұмылдырылуы өз нәтижесін бермей қоймасы анық. Қала халқының жаппай асарлатуының арқасында әрбір мекеме, ұжымның, үй-үйдің, аула-ауланың, көпшілік бас қосатын орындар мен қоғамдық жерлердің айналасы әжептәуір тазарып, ажары кіріп қалды. Тонналаған қоқыс қала сыртындағы күлтөкпеге тасымалданып, қара жер жаңаша тыныстағандай. Жұрт жазға қам қылып, даярлық жасап жатқанда, мұндай тазалық шараларының дер кезінде қолға алынып отырғанын атап өтсек болады. Сенбілікте 810 гектарға жуық аумақ тазаланып, бұрыш-бұрышқа заңсыз үйілген күлтөкпелер тасымалданып, рұқсат етілмеген екі қоқыс орны жойылды. Тұрғындармен түсіндірме жұмыстары өткізіліп, қала бойынша рейд жүргізілді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, тазалық шаралары алдағы күндері де жалғасын таппақ. Қала әкімінің бұйрығы бойынша жалпықалалық сенбілік төрт рет ұйымдастырылып, тазарту-абаттандыру шараларынан басқа, ағаш отырғызу, қураған ағаштарды кесу, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою жұмыстары жүргізілмекші.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.