Ерлігімен ер атанған

Сұрапыл соғыс жылдарындағы ерлігі нағыз отансүйгіштіктің үлгісі болған ардагерлер қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Ерлігі – елге мұра, ұрпаққа ұран болған батыр аталарымыздың бірі – Манап Тұрлыбеков.

1921 жылдың 21 қазанында Жезді поселкесінде туып-өскен ол қабырғасы қатпай жатып жұмысқа араласты. Шөп шабу, мал бағу секілді қара жұмыста шыңдалған бозбала 1942 жылы әскер қатарына алынды. Сержанттар даярлайтын қысқа мерзімдік курстан кейін 164-ші атқыштар полкы құрамында алғашқы ұрысқа қатысып, Беларусь майданына атсалысып, Минск түбінде жеті күн қоршауда қалады.

20150410-03-1

– Сондағы кескілескен шайқас әлі күнге көз алдымда. Жан-жақтан анталаған жау. Жауынгерлер намысын биік ұстап оңайлықпен беріспеді. Жеті күн бойы нәр татпаған жігіттер әлсірей бастағанда көмек келіп, зұлым жауға ойсырата соққы бердік. Фашистермен қасық қанымыз қалғанша шайқастық. Осылайша қан майданда теңдесі жоқ ерлік пен қажымас қайраттың көрінісі қалыптасты. Шынайы сенім мен отаншыл сезім Жеңіс таңын жақындата түскен еді, – дейді Манап ата бізбен әңгімесінде өткен күндерді тебірене есіне алып.

Жау қоршауын бұзып өткен ержүрек жауынгер ауыр жараланып, Жеңісті Каунас қаласындағы госпитальда қарсы алады. Талай-талай отты күндер мен түндерді өткеріп, Ұлы Жеңістің жалауы желбіреген күнді өз көзімен көріп, туған жерге аман-есен оралады. Бұл 1946 жылдың жазы болатын.

Ерлігімен ер атанып, кеудесінде «ІІІ дәрежелі Даңқ», «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендері, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Маршал К.Г.Жуков атындағы» медальдары жарқыраған Манап Тұрлыбеков елге оралысымен еңбекке араласты. Отыз жылдан астам жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнында слесарь болып еңбек етті. Сый мен құрметке бөленіп, «Еңбек ардагері» атанды. Зайыбы Бибімария екеуі он төрт перзенттен отыз бес немере, жиырма төрт шөбере, бір шөпшек сүйді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондыра білген қадірлі әке ардақты атаға айналды. Қазіргі таңда балаларының барлығы бір-бір шаңырақ иелері.

Бүгінде тоқсанның бесеуіне келген Манап ата ұлы Аманжолдың қолында тұрады. Отты жылдардың жадында қалған жаңғырығын сыр қып шертіп айтып отырады. Ондағысы келер ұрпақ қазіргі бейбіт өмірдің қадірін білсін, санасына сіңірсін дегені.

Иә, сол кезде Отанға, әрбір отбасына түскен сын болып, қазір қасиетті де қасіретті тарихқа айналған Ұлы Отан соғысының жеңімпаздарын ұмыту мүмкін емес. Майдангерлер ерлігі әрқашан ұлықталуы тиіс.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.