Әкім сыйлығы тапсырылды

Өткен аптада Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында Медицина қызметкерлері мерекесіне орай салтанатты жиын болып өтті. Онда бір топ ақ желеңді абзал жандар қала әкімінің арнайы сыйлығына ие болды.

Салтанатты жиында қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина медицина мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өз сөзінде ол денсаулық сақтау саласы көрсеткіштері бойынша қаламызда оң нәтижелердің бар екенін, бұл жолда ақ желеңді жандардың үлесі зор екенін тілге тиек етті. Өз кезегінде Айгүл Қосманқызы қалалық емхананың акушер-гинеколог дәрігері Ольга Чженге Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау Министрінің Алғыс хатын табыс етті. Жиында, сондай-ақ, бір топ медицина қызметкерлері қала әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.

Салтанатты жиынға медицина саласының ардагерлері де шақырылып, қала әкімі тарапынан оларға лайықты сый-сияпат жасалды.
Ақ желеңділерді қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук те құттықтап, депутаттар атынан ақжарма тілегін жеткізіп, қаланың қоғамдық-саяси өміріне елеулі үлестерін қосып жүрген бір топ мамандарға Құрмет грамотасын табыс етті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы да Сәтбаев қаласындағы әріптестерін назардан тыс қалдырған жоқ. Мереке қарсаңында қаламыздың бір топ медицина қызметкерлері басқарма басшысының Құрмет грамотасымен марапатталған еді. Салтанатты жиында осы марапаттарды облыстық денсаулық сақтау басқармасының Жезқазған аймақтық өкілдігі басшысы Бәтима Айтпаева өз иелеріне табыс етті.

Бұдан соң кезек қала әкімінің арнайы сыйлығын табыстау рәсіміне беріліп, қалалық емхананың директоры Сыйпат Сағымбаева «Жыл дәрігері – 2017» бас номинациясы мен 100 мың теңге ақшалай сыйлыққа, емхананың эндокринолог-дәрігері Артур Төлегенов «Үздік дәрігер» номинациясы мен 70 мың теңге ақшалай сыйлыққа, №1 орталық аурухананың оташы-дәрігері Мирас Жанқоразов жас мамандарға арналған «Үміт бастауы» номинациясы мен 70 мың теңге сыйақыға, «Ахметова» отбасылық денсаулық сақтау орталығының фельдшері Шарбану Айбергенова «Ашық жүрек» номинациясы мен 50 мың теңге сыйақыға, №1 орталық аурухананың медбибісі Ләззат Айбекова «Жан ізгілігі» номинациясы мен 50 мың теңге сыйақыға ие болды.

Салтанатты жиында қала әкімі қаламыздағы денсаулық сақтау мекемелеріне жаңадан келген жас мамандарға да сый-сияпат жасады. Қалалық емхананың жалпы практикалық дәрігерлері Ғани Маханов пен Бахрам Балтабаевқа, емхананың оташы-дәрігері Эминжан Олжаевқа, №1 орталық аурухананың терапевт-дәрігері Ләззат Тұрғынбаеваға 50 мың теңгеден сыйақы және ЭКСПО – 2017 көрмесіне билет табыс етілді.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.