Рейдтер өткізіп жатыр

Қарағанды облысының ТЖ департаменті шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларына қатысты брифинг өткізді. Өткен демалыс күндердің өзінде-ақ аймағымызда бес адам суға батып кеткен. Олардың арасында екі 15 жасар жасөспірім мен 6 жасар қыз бала бар, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

– Біз әр демалыс күндері тұрақты түрде рейдтер өткізіп отырамыз, – деп мәлімдеді брифингте Қарағанды облысы ТЖ департаменті бастығының орынбасары. – Рейдтерге жиі полицейлер қатысады. Олар демалушыларға жағалауда алкогольді сусындар ішкені үшін, қоқыс тастағандары үшін әкімшілік айыппұлдар жазады. Өкінішке орай, тыйым салынған жерлерде суға түскені үшін ешқандай жаза қолданылмайды.

Қауіпті жерлерде әрдайым тыйым салу белгілері орнатылады. Алайда, құтқарушылардың айтуынша, қарағандылықтар ол белгілерге мән бермейді, не болмаса сындырып тастайды екен.
Құтқарушылар адамдардан шомылуға болмайтын жерлерде суға түспеуін және шомылу кезінде көлік камерасы, үрмелі матрац немесе пенопласт секілді сәйкес келмейтін жүзу құралдарын қолданбауын сұрайды.

Комментарии закрыты.