«Дені сау әйел – дені сау ұлт»

Осындай тақырыппен Сәтбаев қаласында әйелдер арасындағы дәстүрлі VII облыстық спартакиада өткізіліп, онда облысымыздың 9 қаласы мен 8 ауданынан келген спортшы қыздар бақтарын сынады. Үш күнге созылған бұл спартакиада Астана қаласында өтіп жатқан халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО – 2017» көрмесіне арналды.

Спартакиаданың алғашқы күнінде ұйымдастырылған ашылу салтанатында Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина, мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Әшірбек және жарыстың бас төрешісі, спорт шебері, дзюдо күресі бойынша Олимпиада ойындарының қатысушысы Сағат Абикеева құттықтау сөз сөйлеп, командаларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, сайыстың төрешілері атынан дартс ойындарының бас төрешісі Ғалия Залиева ант беру рәсімін өткізді. Ал, спортшылар атынан Мөлдір Қойшақова сөз алып, спартакиаданың тәртібін сақтауға, құрметтеуге, адал спорт ойындарын көрсетуге ант берді.

Одан әрі жарыстың ашылу салтанаты мерекелік бағдарламамен жалғасты. Көрермендер назарына жергілікті өнерпаздардың дайындаған театрландырылған қойылымы ұсынылып, гимнаст­шылардың көрнекі жаттығулары көрсетілді. Сондай-ақ, жинал­ған жұртшылық мектеп оқушы­ларының ұйымдастырған флеш-мобын тамашалады.
«Волейбол», «стритбол», «то­ғыз­құмалақ», «дойбы», «дартс», «жүгіру», «граната лақтыру», «мылтық ату», «үстел теннисі» секілді спорт түрлерін қамтыған спартакиада өте қызықты әрі тартысты өтті. Төрешілер үш күн бойғы жарыстың жеңімпаздарын анықтап, озып шыққан спортшыларды медальдар мен Дипломдармен марапаттады.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.