Білім деңгейлерін анықтады

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесе отырып, Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы Сәтбаев қаласында «Қазтест» жүйесі бойынша диагностикалық және сертификаттық тестілеу ұйымдастырды.

Қазтест жүйесінің мақсаты еліміздегі азаматтардың және мемлекет аумағында қызмет ететін шетелдік азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау және бағалау болып табылады. Тестілеу 2 кезеңнен тұрады: диагностикалық тестілеу технологиясында пайдаланушының тіл деңгейін анықтау үшін тыңдалым, оқылым және лексика-грамматикалық бөліктерден құралған тест тапсырмалары беріледі. Ал, сертификациялық кезеңде тіл қолданушыға тест тапсырмалары ұсынылады және тапсырушының деңгейіне байланысты диктант, мазмұндама немесе эссе беріледі. Егер тестіленуші әрбір бөліктің тапсырмаларының көбісіне жауап берсе, онда деңгейіне байланысты сертификат беріледі.
Қаламыздағы №16 жалпы білім беретін орта мектепте өткізілген тестілеуге мемлекеттік мекемелердің, ішкі істер бөлімінің, халыққа қызмет көрсету орталығының, емхананың, қорғаныс істері бөлімінің қызметкерлері қатысты. Тестілеуді жүргізу үшін қаламызға арнайы келген Ұлттық тестілеу орталығының жетекші сарапшысы Адасай Бердіқұлова мен Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бас маманы Сәуле Нілдібаева аудиторияда жиналғандарға тестілеудің мақсаты мен талаптарын түсіндіріп өтті. Одан әрі мамандар қатысушыларды жауап парағын толтыру тәртібімен таныстырып, тестілеу жұмысын бастады.
Бұл күні өздерінің білім деңгейін анықтау үшін барлығы 61 адам диагностикалық тестілеуден өтті. Ал, ақылы сертификаттық тестілеудің В1 деңгейіне 10 қызметкер, С1 деңгейіне орыс мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің 10 мұғалімі тапсырды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.