1250 орындық концерт залы салынады

Қарағанды – өндірістің ғана емес, мәдениеттің де орталығы. Алайда, облыста мәдени нысандардың жетіспеушілігі анық байқалады. Жақында осы олқылықтың орны толмақ. Жаңа концерт залы салынып, ел игілігіне қызмет етпек, деп жазады Baq.kz-тің аймақтағы тілшісі.

Қарағандыда әншілер мен әртістер мыңнан астам көрермендерді қамтуы үшін цирк ғимаратында өнер көрсетуге, не болмаса Кеншілер мәдениет сарайында қатарынан бірнеше концерт өткізуге мәжбүр. Себебі, кеншілер қаласында көп көрерменді сиғыза алатын концерт залы жоқ.
Қарағанды басшылығы аталмыш проблема келер жылы шешімін табатындығын, қалада жаңа концерт залының салынатындығын айтады. Құрылыс жұмыстарын келер жылы бастау жоспарланып отыр. Әзірге концерт залының сыртқы кейпінің қандай болатындығы белгісіз, белгілісі мәдениет нысаны қаланың Оңтүстік-Шығыс шағын ауданында бой көтермек. Жаңа ғимаратқа 2,7 гектар жер бөлініп, жобаның ең үздік эскиздік жұмысына республикалық байқау жарияланды. Байқаудың ережелерімен Қарағанды әкімдігінің сайтында танысуға болады. Конкурстың нәтижесінде жеңімпазға 2 миллион теңге көлемінде қаржылай сый беріледі. Сондай-ақ, ең үздік 6 эскиздің әрқайсына бес жүз мың теңге көлемінде сый беру де қарастырылған.

Комментарии закрыты.