Әкімнің арнайы келіп құттықтауы ақпарат пен байланыс саласының қызметкерлерін қанаттандырды

Сейсенбіде Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов кеншілер қаласының жылнамасын жазып жүрген «Шарайна» газетінің реакциясына арнайы келіп, аймағымыздағы бұқаралық ақпарат құралдары мен байланыс саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Қаланың қайнаған өмірінің кескін-келбетін еш боямасыз, ашық та әділ бере алар аймақтағы БАҚ өкілдері «Шарайнаның» шаңырағына жиналды. Қоғаммен ілесіп, ақпараттан бұрын жүретін қаламды қауым бұл жолы кезекті жаңалық іздеп келген жоқ. Кәсіби мерекелері қарсаңында шаһар басшысының құттықтауын қабылдау үшін бастары қосылды. Қала басшысы Асқар Абылайұлы Үкімет саясатын сауатты көрсете алар таңдаулы ақпарат құралдарының өкілдерін алғыс хатпен марапаттады. Ал, «Шарайна» газетінің ұжымына компьютер сыйға тартты.

– Сіздер ең басты байлығымыз – Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін еңбек етудесіздер. Әрбір еңбектеріңіз адамдарды жақсылық жасауға, жарық әлемді нұрландыруға жетелесін! Сіздерді мерекелеріңізбен құттықтай отырып, қаламдарыңызға – қуат, өздеріңізге – мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін, – деген ақжарма тілегін жеткізді әкім.

Салтанатты шараға «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев, қалалық кәсіпкерлер палатасының басшысы Шолпан Жанғасқинова келіп, байланыс пен ақпарат саласының қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, сый-сияпаттарын жасады.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.