Кейкінің оралуы

Оның азан шақырып қойған есімі — Нұрмағанбет. 1871 жылы «Байтума» қопасында (қазіргі Қостанай облысының Аманкелді ауданы аумағы) кіндік қаны тамған. Орта жүз Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан. «Жыланшық» болысының байы Рахмет Шашамбайұлының малын қорып, барымтаға аттандыратын білекті де жүректі жігіті болған. Жастайынан аңшылығы, мергендігі, өжеттігімен аймаққа танылған. Кейкі Көкембайұлы 1916 жылғы «Маусым жарлығына» қарсы ұлт-азаттық көтерілісіне белсене қатысып, ұйымдастырушы қатарынан табылды. «Мергендер жасағын» басқарды. Көтеріліс штабының ең қауіпті тапсырмасын орындап, жиі-жиі барлауға шықты. «Күйік» қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және патшаның жазалаушы отрядына қарсы соңғы ұрыс — «Доғал шайқасында» ерекше ерлік көрсетті. Кейкіні көрген, соңынан ерген ел оның өжеттігін, мергендігін жыр қылып айтады екен.

Үңгірі

Ол қара тасына дейін тарихтан сыр шертетін қасиетті Ұлытаудың бір пұшпағы — «Шеңбер» аулынан ат шаптырым жерде.
Ұлытау өңірінде 700-ден астам архе­о­логиялық және архитектуралық тарихи ескерткіш бар. 12-сі республикалық маңызға ие. Оны қорғау мен күтіп ұстау бағытында белгіленген бағдарлама бар.
«Кейкінің үңгірі» ешбір мәртебеге ие болмаса да, ауылдың бас көтерер бірнеше белсенді азаматы ешкімге алақан жаймай-ақ, қия шыңдағы үңгірдің желкесіндегі биік жотаға ескерткіш-белгі қойыпты.
Есімін естігенде «сары орыс» селк етіп, «қызылдың» қаны басына шапқан Кейкі «Қараторғай» өзенінің бойындағы шатқалда бой тасалаған. Екі бөлмелі үңгір жасырынуға, қор­ғануға, атысуға өте оңтайлы әрі қо­лайлы болғаны қазір де көрініп тұр.
Тура төбесінен түспесе, тірі жан таппайды.
Ескерткіш-белгіге мынандай бір шумақ өлең жазылыпты:
«Ел емес пе ек: «батыр ортақ» дей-тұғын,
Ерлер өткен елдің қамын жейтұғын,
Ей, жолаушы, аттан түсіп тағзым ет,
Үңгірі бұл Көкжал — Құлан — Кейкінің!».

Бас сүйегі

Торғай ояздық соғыс комиссары, халық батыры Аманкелді Иманов 1919 жылы 18 мамырда өлтірілгеннен кейін Кейкі қуғынға ұшырады. Едәуір уақыт Ұлытау, Қызылқұм жағында бой тасалап, «қашқын» атанды.
Ақыры, 1923 жылы көктемде арнайы тапсырмамен шыққан комиссар А.Токаревтің жазалаушы жасағы алыстан аңдып, қапыда түнде қоршап, айуандықпен өлтірді. Мергеннің екі қолы мен басын шауып алды.
Кейін Кейкінің басын Орынборға жөнелтеді, 1926 жылы Қазақстан астанасы Қызылордаға көшкенде, Санкт-Петерборға алып кетеді. Хан Кененің басын іздеп жүріп жазушы, зерттеуші Д.Рамазан Кейкінікіне кезігеді.
«Атамыздың бас сүйегiнiң нөмiрi – 3383. «Череп знаменитого бандита казаха Кейки, уроженца Кайдаульской вол., Тургайского у., казненного в Советский период» деп жазылған құжатта» дейді ол.
Антропологиялық қордың кунсткамерасында 93 жыл сақталған Кейкі батырдың бас сүйегі былтыр елге қайтарылды. Қазанның басында Астанаға жеткізілді. Сосын ДНК сараптамасын жасау және қалпына келтіру үшін Мажарстанға жіберілді.
Қоғам қайраткері, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы екі айдан кейін қалпына келтірілген бас сүйектің суретін жариялады. Оның айтуынша, мажарлық ғалымдар көп еңбек сіңірген. Өйткені, бас сүйек қатты зақымданған еді.
Антропологтардың айтуынша, соққы жеті жерден тиген. Бас сүйектің сол жақ бөлігі мен шүйдесі опырылып қалған. Алдыңғы тісі түгел талқандалған. Осының бәрі пластикалық-антропо­логиялық келбетін жасау кезінде көп қиындық тудырған.
Кейкі батыр бас сүйегінің елге оралуы – елеулі тарихи оқиға. Оны қазақ халқы зор қуанышпен қарсы алды. «ҚазАқпарат» агенттігі хабарлағандай, мемлекеттік комиссия оның сүйегін туған жеріне жерлеу туралы шешім қабылдады.

Ескерткіші

Жалпы Кейкі жайында дерек сондай сараң.
Торғай даласын жетік білетін жазушы С.Шүкірұлы Кейкі туралы былай деп жазды: «Атыс өнеріне әбден жаттыққан аңшы Кейкі қолмерген атанған. Көздемей, оңы-солы, алды-арты демей, атүсті айқаста «желкесімен де көріп» жауынан бұрын қимылдап үлгіреді екен».
Бізге белгілісі — дала комиссары Ә.Жанкелдиннің ықпалымен «қызыл» жағына шыққан, бірақ, бас сардар А.Имановқа ермей, Кеңеске қарсылық жасаушы топқа қосылып, соңында жалғыздыққа жолыққан. Артында: «Ақ орысың не, қызыл орысың не, сары орыстың — бәрі орыс!» деген сөз қалған.
«Батырлық» дембелше дене, бұла күш пен сұлу сымбат еместігін қазаққа дәлелдеудің қажеті шамалы. Жүректілік дене тұлғасының ірі-кішілігіне қарамайды. Атам қазақ батыр адамды жүрегінің түгіне қарап бағалады.
Қалжасы қалыңқы болса да, жүрегі түкті Кейкі кімге кектенді? Жеке басының қамы ма? Жоқ! Батырды кектендірген, намысын оятқан жалғыз жағдай, ол — уәдесінде тұрмаған патшаның әділетсіздігі мен қызыл империяның құйтырқы саясаты.
Кейкінің бейнесін көркем әдебиетте Ғ.Мүсіреповтен С.Тұрғын­бекке дейінгі талай қаламгер сомдады. Ғ.Мүсіреповтің «Аманкелді» пьесасында Кете батыр болып бейнеленсе, М.Жұмағұлов «Қыран қазасы қияда» кітабында жұмбақтап жеткізді.
Ал, А.Нұрмановтың кеңес заманында шыққан «Құланның ажалы» романында да аты анық айтылмады. Алайда, астарласа да Кейкінің шын мәнінде кім екенін, ұлт тарихында алатын орнын жеткізе білді. Кейкінің шынайы бейнесі өз есімімен жазылған, бар болмысы ашылған эпикалық туынды — С.Тұрғынбектің «Кейкі батыр» дастаны.
Кейкі Көкембайұлының ұрпағы Қостанай облысы Амангелді ауданындағы «Ақтас», «Тасты» елді мекенінде тұрады. 1996 жылы Кейкі батырдың туғанына 125 жыл толуына байланысты ас беріліп, ескерткіш орнатылды.

Кесенесі

Жуырда әлеуметтік желіде Кейкі батыр кесенесінің құрылысы басталғандығы жөнінде жағымды жаңалық тарады. Ал, облыстық «Қостанай таңы» газетінің жазуына қарағанда, кесене демеушілер қаржысына салынады. «Тасты» ауылының қырындағы «Жалдама-Арқалық» тасжолының бойында оның іргетасы құйылды.
Кесене салуды ұйымдастырған Астаналық «ЕL-DAANA» архи­тек­туралық бюросы. Басшысы — Эльвира Нұралиева. Бұл мекеме Арқалық қаласындағы «Алюминстрой» компаниясымен келісім-шартқа отырды. Құрылыстың біраз бөлігін сол салады.
Ал, кесененің күмбезі мен белгілі бір машық пен шеберлікті қажет ететін басқа да бірқатар жерін «ЕL-DAANA» өзі салмақ. Бұл бюро — бұған дейін өзінің  сәулет өнеріндегі жетістігімен танылған құрылыс мекемесі. Демек, батыр кесенесінің талапқа сай салынып шығуына толық кепілдік береді деген сенім бар.
Кесене құрылысының барысын облыстық және аудандық әкімдік пен тиісті салалық мекеме өз бақылауына алды.
Айта кетейік, биыл маусымда Кейкі батырдың мүрдесі жерленген жерді тауып, оның бас сүйегін тәнімен қосып жерлеуді мақсат еткен бір топ қоғам қайраткері енген экспедиция жолға шықты.  Экспедиция бағыты – Торғай даласы, Жыланшық өзенінің бойы.
«Ал, ең басты мақсат – Кейкі батырдың жерленген орнын тауып, ғылыми негізде археологиялық қазба жұмысын жүргізу» деді экспедиция басшысы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымының докторы Е.Сыдықов «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында.
Экспедиция, сондай-ақ, Кейкіге қатысты тың дерек табу мақсатында тарихи оқиға төңірегінде пікірталас өткізеді. Арқалық педагогикалық институтының ұжымымен кездеседі. Қаладағы өлкетану музейіне көмек көрсетеді.

Комментарии закрыты.