ӘКІМНІҢ АУЫЗАШАРЫ

Сексен үш жылдың сауабын салмақтаған қасиетті Қадір түні қарсаңында қала әкімі Асқар Ыдырысов Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы мешіттің үлкен залында дастархан жайып, жамағатқа ауызашар берді. Өзі де ораза ұстаған Асқар Абылайұлы Аллатағаладан ауызбірліктің бұзылмауын, елдің тыныштығын тіледі.

— Құрметті жамағат! Айлардың сұлтаны — қасиетті Рамазанда мың айдан да қадірлі бір түн бар, ол — Қадір түні. Осы қасиетті Қадір түні Жаратушыдан ел тыныштығын, халықтың жұдырықтай жұмылып, Мәңгілік қазақ еліне айналуын, қуатты қоғам, рухы биік мемлекет болуын тілейік.

Бүкіл әлемнің Жаратушысы барша азамзатқа: «Бөлінбеңдер!» деп, бауырмал болуды бұйырған. Ата-бабадан қалған: «Бірлігі күшті елдің берекесі артады» деген сөз бар. Ел игілігі және туған Сәтбаев қаласының өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етейік, ырзық-несібе арта берсін. Бірлікке бекем болайық, жамағат!

Қадірлі мұсылман бауырлар! Ай мен түннің сұлтаны, сауабы еселеніп жазылатын қасиетті Қадір түнінде жасаған амал мен ізгі ниетті Аллатағала қабыл еткей! Бауыр — бүтін, бас аман болсын! — деді ол.

Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Яхия Асатов, қалалық қажылар қауымдастығының төрағасы Мұрат  Жағыпаров Рамазан айындағы дұға-тілектің қабыл болуын Жаратқаннан сұрап, көпшілікті Қадір түнімен құттықтады. Иманолла қажы діни өлең оқыды, қаланың Құрметті азаматы Мағзұм Қожахметов бата қайырды.

Түркиядан келген қари бауырымыз Фикрет Йылдыз ізгі тілегін жеткізді.

Мешіттің бас имамы Қоңдыбай қажы Әкпаров уағыз айтып, Құран оқып, әруақтарға дұға бағыштады.
Жиылған жұртшылық әкімнің өзі ауыз бекітіп, ауызашар беріп, көпшілікке үлгі-өнеге көрсеткеніне ризашылық білдірді.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.