Байқауға тұрғындар да тартылады

«Қала сәулеті баршаға ортақ. Одан тұрғындар да сырт қалмауы тиіс. Сондықтан, «Көркейе бер, Сәтбаев» байқауына тұрғындар да тартылуы керек. Әр тұрғын өз үйлерінің алдындағы орындықтарды жөндесе де үлесін қоссын. Сонда ғана қаланың сәні кіріп, тазалығы жолға қойылады».

Қала әкімдігінің сейсенбідегі кезекті кеңейтілген аппараттық жиынында қала басшысы Асқар Ыдырысов осындай ой тастады. Жәй айтып қана қойған жоқ, жауапты тұлғаларға осы бағытта жұмысты ширатуды тапсырды.

Бұл әңгіме неден шықты? Кеңейтілген аппарат жиынында қала басшысы «Көркейе бер, Сәтбаев» байқауының қорытындысын шығарып, қаламыздағы балалар алаңдарын жаңғыртуға үлес қосқан, осы бағытта ең таңдаулы жобалар жасаған мектептер мен мекемелер дипломдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды. Тіпті, Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО – 2017» көрмесіне билеттер де берілді. Өз кезегінде әкім аталмыш байқаудың әлі де жалғасын табатынын айта келіп, оған тұрғындарды да тартуды тапсырды.
Айтпақшы, алқалы жиында әкім Асқар Абылайұлы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы болып сайланған Мәдина Мәменованы қала активіне таныстырды. Одан соң сөз кезегін өзінің орынбасарларына берді.

Алғашқы болып сөз алған Сұлтан Нарботаев қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алда тұрған ауқымды істер жайлы баяндаса, Болатбек Жақсыбаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы мен автокөлік жолдарын жаңғыртуда және қаланың қысқа әзірлік жұмыстары жайлы, кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Бапов қаламызда агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың барысы жайлы әңгіме қозғады.

Жиында қала басшысы Астанада өткен Еуразиялық кітап форумында белгілі жазушы, сәтбаевтанушы Медеу Сәрсекенің «Сәтбаев ұлағаты» кітабының таныстырылымының өткенін, күзге салым қаламгер қаламызға арнайы келіп, аталмыш кітаптың тұсаукесерін өткізетінін айтып, мұның біз үшін үлкен құрмет екенін жеткізді.

Жиынды қорытындылаған Асқар Ыдырысов активті алда келе жатқан Астана күнімен құттықтап, мерейлі мерекені лайықты қарсы алуға шақырды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.