Ел болашағы елеусіз қалмасын

Әр азамат өзінің туып өскен жерінің, елінің қадір- қасиетін біліп, соның ұстанымын, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін көріп өсіп, үлкен өмірге жолдама алады. Ежелден сақталып келе жатқан салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, тіліміз бен діліміз тарихтың небір қыспағынан өтіп, атадан балаға асыл мұра болып жеткенін де білеміз. Қазақ халқының осыншама ұлан-байтақ жерде ғасырлар бойы бір тілді, бір дінді, ортақ әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді сақтауы – кешегі бабаларымыздың кемел саясаты, солардың қаны мен тері!

Қаншама халықтың тілі мен ділі кешегі аумалы-төкпелі замандарда өмірдің қатал сынына төтеп бере алмай, тарих сахнасынан жойылып кетті?! Заман ағымымен әр елдің, әр халықтың салт-дәстүрінің өзгеруін ғалымдар ассимиляция процессі деп түсіндіреді. Ол рас та. Бажайлап қарасаңыз, кешегі бабаларымыздың ұстаған ұстаным, салт-дәстүрінің кейбіреуі бүгінгі күндері дарақыланып бара жатқанын көрер едіңіз. Құдайы-ас беру, жаназа шарттары, той-домалақтың шектен шығып бара жатқанын аңғармауға болмайды! Мұны бәріміз білеміз. Біле тұра неге біз қисық заманның кемесіне жармасқанымызды ұғына алмаймыз?!

Ежелден ата-бабаларымыз ұстаған дін жолының да азып, құрдымға кетіп бара жатқаны жасырын емес. Ел ішіне іріткі салатын салафизм, ваххабизм ағымдары біздің өңірде терең тамырын жаюы неден? Ал, бұл – ұлт үшін, болашақ үшін, жалпы біздің қазақ халқы үшін көрінбей келіп еніп жатқан үлкен қатер, қауіп!
Бізді толғандыратын тағы бір мәселе – кенді өңірдің келешегі. Жер асты байлығы сарқылып келеді. «Келер ұрпаққа не қалдырамыз?» деп алаңдайды жұрт. Көптеген әлеуметтік мәселелердің халықтың көңілінен шықпайтыны газеттерде жазылып та жүр, бірақ, дұрыс шешім болмай тұрғаны жанымызға батады. Осыдан үш-төрт жыл бұрын пайдалануға берілген Арқалық-Жезқазған, Жезқазған-Бейнеу темір жолы құрылысының өзі бұра тартылып барып ел азаматтарының араласуымен дұрыс жолға түсті. Соның арқасында қазіргі таңда Қарсақбай, Байқоңыр, Қоскөл секілді ауылдарда жаңа жұмыс орындары ашылып, өңір халқының тұрмыс-тіршілігіне пайдасын тигізіп отыр.
Осындай көптеген шешімін таппай жатқан, көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап тауып, оның шешу жолдарын анықтау үшін былтырғы жылдың аяғында алқалы жиын өтті. Онда Ұлытау-Жезқазған өңірінің белді азаматтарынан құралған «Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау өңірінің Ақсақалдар алқасы» қауымдастығы құрылды. Оның құрамына Мұзарап Аханов, Шахман Асансейітов, Яхия Асатов, Қуатбек Орақов, Күзембай Сүттібаев, Өте Ахметов, Жақия Садықов, Қадыр Үңгітбаев және мен мүше болып кірдік. Қауымдастыққа төраға болып Күзембай Сүттібаев, тексеріс комиссиясының төрағасы болып Бәкір Қазығұлов сайланған-ды.

Жалпы, сол жиналыстағы елдің пікірі бойынша, Ақсақалдар алқасы өңірдің экономикалық және қоғамдық өмірінің, қазақтың ежелгі салт-дәстүрінің сақталуына, оның дамуына атсалысуымен қатар, ата-бабамыз ұстаған дәстүрлі дініміздің, тіліміз бен жалпы қазақи діліміз жөніндегі сұрақтар, қоғамдық маңызы зор мәселелер төңірегінде халықтың ұсыныстарын қабылдап, сұрыптап, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, қоғамдық-саяси мәселелерді талқылап, оны тиісті жерге жолдап шешім табуын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешіп, не жауап беруін талап етіп отыруы тиіс.

Құрметті жерлестер, сіздердің ой-пікірлеріңіз, не болмаса ұсыныстарыңыз болса бізбен мына телефон арқылы – 77-52-61 не болмаса «aalkasy@bk.ru» электрондық поштасы арқылы хабарласуға болады. Мекен жайымыз – Жезқазған қаласы, Сейфуллин көшесі, 45.

Мұрат Қазамбаев,
«Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау өңірінің Ақсақалдар алқасы» қауымдастығының жауапты хатшысы.

Комментарии закрыты.