Мәңгілік ел: менің қосар үлесім қандай?

Мәңгілік ел болу – ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсаған ұлы арман, биік мақсат. Осы мақсат жолында жұдырықтай жұмылып, елін, жерін қасық қаны қалғанша қорғады. «Ұрпағым» деп, «қалың елім қазағым» деп, қам жеп қолға найза алды. Ұлт болып қалыптасу жолында бірігіп, сан қилы заманды басынан кешірді. Тұлпардың тұяғы тасқа кетілді, сұңқардың қанаттары кесілді. Бұрын-соңды ел көрмеген күндер өтті. Құлақ естімес, көз көрмес сұмдықтарды да бастан кешірді. Бірақ, мойыған жоқ, жасыған жоқ, жігері мұқалған жоқ. Қанша жыл Кеңестің өгей баласындай күн кештік. Сонда да ұлтымызды, тілімізді, дінімізді сақтап қалдық.

Шалқайса шалқаятын еңкейсе еңкейетін қазақпыз. Атам қазақ айтады: «Шалқайғанға шалқай, пайғамбардың ұлы емес, еңкейгенге еңкей әкеңнен қалған құл емес», – деп. Шалқайсақ асқар тауымызға иек артамыз, еңкейсек елімізге үміт артамыз. Біздің бойымызда еш халықта жоқ тектілік, қан тазалығы, жан тазалығы бар. Сөйлесек Жиреншедей шешендігіміз бар, шешім айтсақ Төле бидей төрелігіміз бар, Наурызбай, Малайсарыдай ірілердің, Кенедей мықты хандардың қаны бар қазақпыз. Бәрінің де өмір бойғы тілегі, арманы іргелі, тәуелсіз ел болу еді. Осы жолда қаншама жас қыршынынан қиылды. Еркіндік үшін, қалған ұрпақтың ертеңі үшін талай қаракөз қыздар, жігерлі жастар жалаңаш кеудесін оққа да, отқа да тосты. Міне, осы рух бізді азаттыққа алып келді. Сын сағатта туған елге деген парызды бәрінен биік қоя білген қазақпыз. Міне жаңа ғасырға, алтын ғасырға аяқ басып келеміз. Бұл ғасыр дәуірлеу, жаңару, жаһандану ғасыры. Осы күнге біз куә болып отырмыз. Түтіні түзу ұшып, ұрпағы ертеңге сеніммен қарайтын күн туды. Арман ақиқатқа айналды.

Мен «Мәңгілік елдің» ұрпа­ғымын. Менің қазіргі таңда елге қосар үлесім жан-жақты оқыған, білімді азамат болу. Өсіп келе жатқан ұрпақ, мына біздер, қаланған үй іспеттеспіз. Егер үйдің бір кірпіші дұрыс қаланбаса, үйге сыз өтеді, жел кіреді. Сол сияқты ел болып қалыптасу жолында бір жас кері кетсе, елдің де кері кеткені. Елдің тізгінін ұстар жастар біздерміз.
Елге тигізер тағы бір үлесім – мықты маман атану. Мықты журналист атану. Тілші болу оңай емес. Халық пен биліктің арасын жалғастыратын алтын көпір болу екінің бірінің қолынан келе бермес дүние. Тілші болсам алысты жақындатып, жылдам хабар таратып, шыбын жаным қалғанша шырылдап шындықты айтатын боламын. Әлі талай белестерді бағындырып, асуларға шығамын. Менің елге пайдам тимесе «ҚАЗАҚПЫН» деп кеудемді ұрғаннан не пайда? Айтуға ғана оңай. Бірақ, мен өз ісімнің маманы болатыныма бек сенемін. Ең бастысы сенім емес пе? Сенім, арман адамды алға жетелеп, қанат бітіреді. Қанатым талмай Отаныма қызмет етемін. Отаныма және маған пайдасын тигізетін мамандықты дұрыс таңдағаныма сенімдімін. Қарсы ал мені, Ұлы қазақ даласы, келе жатыр Мәңгілік ел баласы.

Назерке Аманбек,
Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің түлегі.

Комментарии закрыты.