САЯЖОЛ ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ

Бұдан бес жылдай бұрын дүйім елді дүрліктіріп тұсаукесері жасалған «Кенші даңқы» саяжолы көңілдегідей күтім көрмегендіктен, кейінгі кезде әбден азып кеткен еді. Осыншама иесіздікке ұрынғаны еріксіз ойландыратын. Жуырда соның сырына қаныққандай болдым. Ол жөнінде сәл кейінірек, алдымен мәселенің мән-жайына қысқаша тоқталайын.

Сұрықсыз саяжол «Қазақмыс» басшылығын да толғандырса керек, таяуда компанияның атқарушы директоры Талғат Мағзұмов өткізген техникалық кеңесте оны Кенші күніне дейін қалпына келтіру мәселесі арнайы күн тәртібіне қойылып, тиісті шешім қабылданды. Араға үш-төрт күннен салып кен өндірісі кешенінің өндіріс жөніндегі директоры Айдар Нығматулин, сосын күрделі құрылыс департаментінің Жезқазған жағындағы жобаны үйлестірушісі Әмірбек Шегірбаев шаруаны пысықтау мақсатында саяжолды жаңғыртуға қатысатын кәсіпорын біткеннің басын қосты.

Сейсенбіде Әмірбек Шегірбаев оларды тағы жинады, дайындық барысына талдау жасады. Бірден айтайық, техникалық кеңестен кейінгі өткен екі аптада еңсерілген ештеңе жоқ. Қайта соңғы екі кездесу кезінде берілген тапсырма кейбір көлеңкелі тұсқа жарық түсіргендей. Бір сағаттан астам уақытқа созылған соңғы басқосудан соны байқадым. Енді жағдайдың жай-жапсарын жіліктеп көрейін. Саяжолды сорлатқан иесіздіктің сыры сонда жатыр.

Біріншіден, бұл саяжол «ауы мен бауы» толық түгенделмеген, демек, бастапқы жобасы жарым-жартылай жүзеге асқан нысан болып шықты. Басқосуда байыпты әңгіме қозғаған қаланың бас архитекторы Талғат Айтжановтың айтуынша, бастапқыда қарастырылған 350 миллион теңге қаражаттың 200 миллион теңгедейі игерілген де, шаруа сонымен тынған. Оның кейбір кем-кетігі сырт көзге де аңғарылып тұратыны сондықтан болса керек. Саяжолдың сәулеті сын көтермейтінін тілге тиек еткен пікірді талай естідік. Сөйтсек, оның осындай «сыры» бар екен.

Ал, «жарымжан» нысан кімнің балансында? Оған кім күтім жасауы керек? Міне, бұл сауалға дәйекті жауап жоқ. Басқосу кезінде «Қазақмыстың» өкілі жергілікті билікке өткізілгенін айтса, әкімдік қызметкері жоба толық жүзеге асырылмағанын алға тартты. Саябақтың түбіне жеткен жауапкершіліктен жалтару екенін ұқтық. Тек түсінбегенім, неге бес жыл бойы бұлай сөзбұйдаға салынған?
Дайындық жұмысындағы жүйесіздікті атап көрсеткен күрделі құрылыс департаментінің Жезқазған жағындағы жобаны үйлестірушісі Әмірбек Шегірбаев атқарылатын жұмыс ауқымына сәйкес әрқайсысына тегеуірінді талап қойып, нақты міндет жүктеді. Белгіленген міндет нақты уақытында, кеншінің кәсіби мерекесіне дейін еңсерілуге тиіс.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.