Нашақорлық пен ЖИТС – егіз ұғымдар

Қазіргі заманда қауіпті дерттер – нашақорлық және адамның иммун тапшылығы вирусы қоғамда кең етек жайып келеді.

Биылғы жылдың маусымына дейінгі мәлімет бойынша, біздің республикамызда АИТВ жұқтырған адамдардың саны – 28103. Ал, Қарағанды облысында осы дертке шалдыққандар саны 4848 адамға жетіп отыр. Жезқазған аймағы бойынша 65 науқас тіркеліп, оның 43-і Жезқазған қаласында, 18-і Сәтбаев қаласында және 4 жағдай Қаражалда орын алып отыр.

ЖИТС-тің бүгінгі таңда жазылмайтын созылмалы қатерлі дерт екені баршамызға белгілі. Адамның иммун тапшылығын тудыратын вирус ағзаға түскеннен кейін онда мәңгі қалады. Осы дертке шалдығушылардың көпшілігі 20-39 жас аралығындағы жастар. Сонымен қатар дертке шалдыққандардың 52,7% – жұмыссыз, 36,9% – жұмысы бар адамдар, жоғарғы оқу орындарындағы жастар – 4,6 %. Өкінішке орай, жасөспірім жастар, оның ішінде жұмыспен қамтылмаған жастар нашақорлыққа бейімділік танытып, ВИЧ/АИТВ эпидемиясынының дамуына үлес қосып отыр.

Қазір республикамызда нашақорлардың дені 15-25 жас аралығындағы жастар. Нашақорлықтың кең ұғымы – ол адамның есірткіге құнығуы, түрлі әдістермен анашаны қолдануы. 1998 жылғы маусым айында Алматыда ЖИТС –пен (СПИД) бірінші тіркелген ауру дүниеден қайтты. Ол небәрі 20 жаста болатын. Нашақорлықпен айналысқан бұл адам мектеп қабырғасында шөп-шаламмен, ал 16 жасынан бастап есірткі енгізумен айналысқан. Содан нашақорлық пен инеге отыру ол адамға әдет пен ауру болып қалыптасқан. Жанына батқан кезде наркологиялық диспансерге көмек сұрай келген, бірақ аурудың алдын алу уақыты өтіп кеткен еді.

АИТВ ауруы тұрмыстық жолмен жұқпайды. Бұл аурудан сақтанудың ең қарапайым әдісі – білімді болу және жауапкершілікпен сақтана білу. Сонымен бірге әр Қазақстан азаматы өз денсаулығына ынтымықты жауапкершілікпен қарап, денсаулығын сақтап, АИТВ жұқпасы туралы толық ақпараттанып, маңындағылардың денсаулығына зиян келтірмей, салауатты өмір салтын ұстанып, өмірде белсенді, жан-жақты азамат болуы керек.

М.Атанаева,
облыстық ЖИТС орталығы Жезқазған бөлімінің зертхана дәрігері.

Комментарии закрыты.