Назарда – «Туған жер»

Газеттің өткен санында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты жұмысшы тобы құрылып, кейбір іс-шаралардың басталып кеткендігі жөнінде хабардар етілген болатын.

Сейсенбі күні қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина осыған орай төрт бағыттың үйлестірушілерімен («Білім» – М.Мәдиева, «Өңірлік мәдениет» – Г.Жиеналиева, «Кіші отанды қолдау» – М.Бақбергенова, «Ақпараттық сүйемелдеу» – М.Жаппасбаева) жиын өткізді. Онда бағдарламаның кейбір тұстарына толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, пысықталды.

«Білім» блогы бойынша М.Мәдиева студенттер мен оқушыларды туған жерінің тарихын танып-білуге бағыттайтын бірнеше жоспарын ортаға салды. Сәтбаев қаласында туып-өсіп, бүгінде елге танымал болып жүрген қоғам қайраткерлері, өнер адамдары жайлы бейнероликтер дайындауды ұсынды.

М.Бақбергенова тұрмыс-жағдайы төмен отбасыларына қолдау көрсетуді жандандыру, ол үшін кәсіпкерлерді және қалталы тұрғындарды қайырымдылық акцияларына тарту жұмысын қолына алатынын айтты. Сондай-ақ оларды моральдық тұрғыдан ынталандыру шараларын да қарастыруды өтінді.

– Патриотизм туып-өскен жеріңе деген махаббаттан басталады. Елбасы бізге «Туған жер» бағдарламасын іске асыруды міндеттеді. Әр блок өз бағытындағы жоспарланған шараларға үлкен жауапкершілікпен, сүйіспеншілік сезіммен қарайды деп сенемін, – деп қорытты жиынды Айгүл Қосманқызы.

Майра Смағұл.

Комментарии закрыты.