Қатер қайдан деме…

Тілсіз жауды тізгіндеуде жайбасарлыққа жол бермеу керек. Бұл бағытта төтенше жағдайлар жөніндегі қалалық бөлім мамандарына жұмысты ширату қажет. Талапты күшейтіп, қадағалауды жүйелемейінше, жұмыс оңбайды…

Сәрсенбіде әкімдіктің мәжіліс залында қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда қала аумағында өрттің алдын алу бойынша қабылданған шаралардың орындалысы қаралды. Мінберде хабарлама жасаған Сәтбаев қаласының төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы А. Тоқсейтовке қоғамдық кеңес мүшелері мәселені осылай қабырғасынан қойды.

Әрине, оған негіз жоқ емес. А.Тоқсейтовтың айтуынша, Сәтбаев қаласының шаруашылық нысандары мен іргелес орналасқан елді мекендерінде, магистраль және орамдарында орналасқан барлығы 379 өрт сөндіру гидранты бар екен. Қазір оның 270-і ғана жұмыс істейді. Ал, Сәтбаев қалалық жылумен сумен жабдықтау кәсіпорнына қарасты магистральдар мен орамдарда 194 өрт сөндіру гидранттары орнатылған. Олардың бүгінгі күні 113-і ғана жұмыс істейтін болып шықты. Алғашқысының жүзге жуығы, кейінгісінің сексеннен астамы жарамсыз. Бетін аулақ қылсын, қалың өрт тұтана қалса қаланың көп бөлігі отқа оранары анық. Онсыз да ел «суы тез таусылып қалады» дейтін өрт сөндіргіш машиналар сонда суды қайдан алмақ. Амалсыздан қажетті суды өзге аймақтардан тасуларына тура келеді.

Кеңес мүшелері көтерген осы мәселеге орай қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар автокөлігі және автокөлік жолдары мен тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Алмас Жандарбеков сөз алып, қаламызда істен шыққан гидранттарды ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, 20 гидранттың қазірдің өзінде жолға қойылғанын, жыл соңына дейін өзге де гидранттар жөнделетінін айтты.

Жиында көп қабатты тұрғын үйлердегі, әсіресе екі-үш қабатты ағаш үйлердегі тоқ желілерінің жай-күйі де сөз болды. Бұл орайда ПИК-тер мен ТКЦ басшыларына да үлкен жауапкершіліктер жүктелді.

Жиынға қатысқан мектептер мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінің шаруашылық жөніндегі мең­ерушілеріне өрт қауіпсіздігі мен кез келген төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын пысықтай түсу тапсырылды. Қажет десе шаруашылық бөлім меңгерушілерін арнайы семинарлар арқылы оқытып, үйрету керек дегенді де алға тартты қоғамдық кеңестің төрағасы Марал Мәдиева жиынды қорытындылай келіп.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.