Балаларға екпе егу жөнінде дініміз не дейді?

Бұрынғы ғұламаларымыз айтқан екен: «Үш түрлі адам қоғамды құртады. Шала дәрігер, шала молда, шала тіл маманы». Шала сауатты шейхсымақтардың кесірінен қоғамда қазіргі кезде күрделеніп тұрған мәселелердің бірі – жас балаларға екпе егу. Қоғамда «екпе егу дінге қайшы, тағдырға қарсы шығу, Аллаға тәуекел етпеу» секілді сөздер жиі естіліп жүр. Шынында да ислам діні екпеге қарсы ма? Бұл мәселеде ислам ғалымдары қандай ұстанымда?

Екпе егу Пайғамбарымыз саллалллаху алайхи уа сәлләмнің дәуірінде болмағаны анық. Сол үшін де тікелей «екпе егуге болады немесе болмайды» деген хадис кездестіре алмаймыз. Олай болса, бұл мәселе шариғат негіздері мен нормаларына қайшы ма деген тұрғыдан қарастырылуы қажет. Екпеге діни негізде қарсылық білдірушілер де осы тұрғыдан харамға шығаруға тырысады. Олар «әлі келмеген, келуі күмәнді болған аурудан қорқып екпе егу – Алланың тағдырына қарсы шығу, болашақты болжау. Бұлай істеу – харам» дегенді алға тартады.  Керісінше асыл дініміз «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидатты мұсылмандарға үйретеді. Оған пайғамбарымыздың «Кімде-кім таңертең (Медине қаласының) әжуа құрмасынан жеті данасын жейтін болса, сол күні оған сиқырдың және удың зияны жетпейді» деген хадисі дәлел болады. Бұл хадисті екпе егудің дінге қайшы еместігіне дәлел ретінде шейх ибн Баздың өзі де келтіреді. Ол кісі елімізде көпшілік ерушілері екпе егуге қарсы болған сәләфия ағымының бетке тұтар шейхтарының бірі екендігі мәлім. Сондай-ақ, жеті құрма жеу болашақты болжау болмағандай, екпе егу де болашақты болжау емес. Жаңбыр жауса қолданамын деген ниетпен қолшатыр сатып алған адамды ешкім «харам істедің, тағдырға қарсы шықтың, тәуекел етпедің» дей алмас.
Бәрін айт та бірін айт дегендей, қандай жағдайда болса да дінді қалқан етіп екпе егуге қарсы тұру надандық. Діни мәтіндерден екпе егуді қолдайтын дәлелдер табуға болады, бірақ қарсы тұратын дәлелдер кездеспейді. Сол үшін де Ислам әлемі ғалымдарының барлығы дерлік екпе егудің қажеттілігі мен дұрыстығын айтып отыр.

М.Алимов,
Сәтбаев қаласының Дін істері орталығының теологы.

Комментарии закрыты.