Қоқыс басқан қорым

Мақалама осындай тақырып қойып отырғаным тегін емес. Қаламыздың сыртындағы мұсылмандар бейітінің қазіргі жағдайы өте нашар. Бейіттердің арасы шашылып жатқан бөтелкелер, темір-терсек, бос бөшкелер. Қоқыстан аяқ алып жүргісіз.

Ертеректе автобус шығарып, халық сенбілік өткізіп қоқыс жиналушы еді. Жұбайымның қайтқанына биыл 10 жыл болды, мен апта сайын бейітке еккен ағаштарымды суаруға барамын. Осы мерзім ішінде бір рет те тазалық жұмысы жүргізілгенін көрген емеспін. Жақында бейіттер арасында үйірімен жүрген жылқыларды көрдім. Еккен қарағашымның жапырақтары селдіреп қисайып қалғаны – әрине осы жануарлардың ісі. Мал өтпесін деп қазылған, қорымның шығыс жағындағы орда топырақ басылып қалған. Осы жақта орнатылған дәретхананың да есігі жұлынып бөлек жатыр. Құрылысы біткен тамдардың жанында үйіліп жатқан топырақ, қиыршық құм мен тастар. Мұны там соққан үйдің адамы біреулер керегіне жаратуы үшін, сауап үшін қалдырады дейді. Бірақ соншама артық әкелінген заттар бәрібір игерілмей, бейіттер арасында тау-тау болып үйіліп жатыр. Қала мен қорымды жалғастырып тұрған тас жол да сын көтерер емес. Ойдым-ойдым шұңқырдан әрең өтесін. Қорымға бұрылар тұста «Мұсылмандар бейіті» деп жазылған темір тақтаның бетінде із қалмаған. Осы мәңгілік мекенде қаламыздың талай жақсылары мен жайсандарының ет жақындары жатыр. Сол жақсы ағалар мына келеңсіз көріністі көрмей ме, әлде елемей ме? Әдемілеп там соғуды білеміз айналасындағы қоқысты көрмейміз. Орыстардың қорымына қарасаң тап-тұйнақтай.
Ағайын әруақтарымызды құрметтеп игі істі, тазалық жұмысын бастайық. Өлі риза болмай, тірі байымас.
Жәми Тұрсынбаев.

Комментарии закрыты.